Ұлттық қордан балаларға төленетін сома қалай қалыптасады

ұлттық қор балаларға
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы бойынша төлем сомасының неге байланысты болатындығына қатысты сауалға жауап берді.

Оның айтуынша, балаларға берілетін сома Ұлттық банктің қаншалықты толықтырылатындығына, одан қанша қаражат алынатындығына және қор активтерінің қаншалықты тиімді басқарылатындығына байланысты болмақ.

«Егер соңғы, Ұлттық қордың басқарылуына қатысты элементті алар болсақ, онда өткен жылдың қорытындысында Ұлттық банк рекордтық – 6 млрд доллардан астам кіріс алды. Бұл жылдық мәнде – 11 пайыз. Ұлттық қор құрылған сәттен бергі рекордтық цифр саналады. Егер Ұлттық банк осылай жұмыс істесе, егер Үкімет Ұлттық қорға үнемі түсетін салықтарды жинау тұрғысынан жұмыс істесе, егер министрліктердің, мемлекеттік холдингтердің тарапынан Ұлттық қордан ақша алуға қатысты көп ұсыныс болмаса, онда, әрине, бөлінуге тиіс сома да жоғары болмақ», - деді ол елордада өткен брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы елдің 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына негізделеді. Ол бюджетпен бірге бекітіледі.

«Ол өткен жылдың күзінде бекітілді. Үкіметпен мұнайға қатысты болжамды талқылаған кезде таяу екі жылда 80 доллар шамасында болады деген ортақ цифрға ұйыстық. Одан кейін, егер сыртқы әсерлер болмаса баға біртіндеп төмендей бастайды. Сондықтан Ұлттық қор бойынша және «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы бойынша параметрлер өзгермейді. Сол себепті сыртқы орта өзгермейді және жоспарлаған қаражат сол деңгейде сақталады деп үміттенеміз», - деді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар