Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі
Ұлттық қордың инвестициялық кірісін анықтау үшін тәуелсіз аудит жүргізіледі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Ұлттық қор - балаларға» жобасын жыл сайын іске асыру кезең-кезеңімен орындалатын болады. Ол үшін ең алдымен өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі. Аудит нәтижесі бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің мәні мен оның елу пайызының мөлшері анықталады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Дәурен Темірбековтің сөзіне қарағанда, мұнан кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл ішінде дүниеге келген, қайтыс болған, азаматтық алған және азаматтықты жоғалтқан балалар санын нақтылайды. Деректер толықтай нақтыланғаннан соң Ұлттық банк кәмелет жасына жеткен балаларға төлем жасау үшін қажетті соманы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатты балалардың мақсатқа сай пайдалануы үшін екінші деңгейлі банкте немесе ұлттық пошта операторында ашылған шотына жібереді.
«Балалар түскен қаражатты өз қалауынша екі мақсатта жұмсайды. Ұлттық қордан берілетін төлемдер салық салудан босатылады. Қажетті нормалар Салық кодексінде жеке көзделген», - деді ол.