Ұлттық қорға түсетін қаржыдан, алынатын сома асып кетіп отыр – Тимур Сүлейменов

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Ұлттық қордың активтері 4,5%-ға артып 62,7 млрд долларға жетті. Толығырақ Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтып берді.

тимур сүлейменов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Ұлттық қорға қаражаттың түсуі мен оны алуда теріс баланс бар. Қордан алынған қаражат оның түсімінен асып кетіп отыр. Бұл жағдайда Ұлттық қор қаражатын көбейтетін жалғыз фактор – инвестициялық кіріс. Биыл тоғыз айда 10,27% немесе 6,16 млрд доллар болды. Сол арқылы Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 4,5%-ке өсіп, 62,7 млрд долларға жетті», - деді Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында. 

Ұлттық банк төрағасы берген мәліметке сүйенсек, Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгеге жеткен. 

«Ұлттық қордан алынатын тікелей трансферттер мен басқа алымдар көлемінің массасы шамамен 16%-ға жетті. Бұл әлеуметтік өсіммен қоса, валюта нарығына қысым көрсетеді, яғни валюта бағамын бұрмалайды. Сонымен қатар отандық бизнеске кедергі келтіреді, экономиканың «голландтық ауруға» шалдығуына әкеп тіреуі мүмкін. Бұл – проинфляциялық фактор, сондықтан да монетарлық саясатымызды тезірек жеңілдетуге, базалық мөлшерлемені және банк кредиттерін, бизнес бойынша кредиттік мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр», - деп толықтырды Т. Сүлейменов. 

Одан бөлек, Ұлттық банк басшысы қазір Парламентте салық кодексі қаралып жатқанын айта келе, жаңа кодекстің бюджет кірісін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдау жолында маңызды құрал екенін тілге тиек етті. 

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылғы инфляция динамикасына қатысты түсінік берді. 

Соңғы жаңалықтар