Ұлттық криптоаналитика орталығы құрылып жатыр — Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңадан құрылатын Ұлттық криптоаналитика орталығы Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграцияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың тағы бір бағыты — криптоаналитиканы дамыту. Қадағалауға арналған SupTech платформасы негізінде Ұлттық криптоаналитика орталығы құрылып жатыр. Ол операциялардың фиаттық және криптовалюталық бөліктерін, клиенттерді, әмияндар мен транзакцияларды талдайды.
— Орталық Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграцияланады. Тексеру құралдары банктерге, құқық қорғау органдарына және лицензияланған провайдерлерге қолжетімді болады. Жарлықты іске асыру үшін Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірге Бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Онда негізгі шаралар, жауапты орындаушылар мен нақты мерзімдер айқындалды. Жоспарды іске асыру реттелетін нарықтың көлемі мен өтімділігін арттырады. Бұл капиталдың реттелетін ортаға оралуына, халықаралық қатысушыларды тартуға және нақты сектордың қаржыландыруын кеңейтуге жағдай жасайды. Қазақстандық активтер үшін ішкі және халықаралық нарықтарға шығудың қосымша арнасы пайда болады, — деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері талқыланып жатыр.