Ұлттық құраманың бұрынғы боксшысы Саматәлі Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты

АСТАНА. KAZINFORM –  Бокстан ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі Саматәлі Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты.

Саматәлі
Фото: boks_alemy.kz

BoxRec.com сайтының хабарлауынша, ол 18 ақпанда Ыстамбұлда (Түркия) өтетін бокс кешінде өнер көрсетіп, жергілікті боксшы Рефик Тарханмен (3-3, 1 КО) жұдырықтасады. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек төрт раундқа жоспарланған.

Айта кетейік, Саматәлі Төлтаев Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі. Ол 60 келі салмақта ел намысын қорғаған болатын. Жастар арасында бокстан әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы (2017), Қазақстан чемпионы (2020), 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Өкінішке қарай 2023 жылдың 8 наурызында допингке қарсы ұлттық орталық жарыстан тыс талдама қорытындысында қан құрамынан оралтуринабол табылып, 2026 жылдың 31 наурызына дейін Ұлттық құрама сапында жарыстарға қатысу құқығынан айырылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар