Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын Көкшетауда өткізудің өзіндік себептері бар - профессор Сәбит Жәмбек
АСТАНА. KAZINFORM - Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбек Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайға байланысты пікір білдірді.

"Жаңа Қазақстан кеңістігіндегі айрықша қолға алынған шаралардың бірі — Ұлттық Құрылтай өткізу. Ел Президентінің бастамасымен бірінші Құрылтай қасиетті Ұлытау жерінде өткізілді. Себебі Ұлытау жері ежелгі тарихқа өте бай жер. Қазақ жерінің кіндік ортасы болған осынау қасиетті мекенде қазақ хандарын хандық билікке отырғызып, ұлықтау рәсімі өтетін болған. Бірінші Құрылтайда көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстар ақырындап қоғамымызда жүзеге аса бастады.
Екінші Құрылтай да ел басшысының нұсқауымен қазақ хандарының астанасы болған қасиетті Түркістанда өтті. Мұндағы көтерілген іргелі мәселер де жүзеге аса бастағанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Жаңа Қазақстанның ерекше сипаты болып табылатын, халықтық парламент саналатын Ұлттық Құрылтай бұл жолы ежелгі Атырау жерінде өтіп отыр. Осындағы көне Сарайшық қаласы Қасым ханның тұсында Қазақ Ордасының астанасы болған. Бұл Құрылтайда да елдік елеулі мәселелер көтерілді. Ел Президенті Құрылтайдың кезекті отырысын Көкшетауда өткізуді ұсынды. Оның да өзіндік себептері бар. Себебі Көкшетау ән мен жырдың ордасы ғана емес, Абылай хан туын тіккен қасиетті Хан Ордасы болған мекен. Осы жерден қазақтың соңғы ханы Кенесары да тәуелсіздік үшін атойлап атқа мінген. Ел Президентінің бұл шешімін ризашылықпен құптаймыз", - деді Сәбит Жәмбек,.