Ұлттық олимпиада комитетінің жаңа құрамына кімдер кірді

ұок
Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің бас ассамблеясы отырысы өтіп, оның барысында ұйымда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Атап айтқанда, ұйым мүшелерінің қолдауымен комитет президенті лауазымына даңқты боксшы Геннадий Головкин сайланды. Сонымен қатар ҰОК-тың бірқатар лауазымды тұлғасы да сайланған еді.

Ассамблеяның кезектен тыс отырысында жасөспірімдер құрамасының 2024 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасындағы нәтижесі қорытындыланып, шілде айында Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды. 

Бас ассамблея мүшелерінің дауыс беру қорытындысында Ұлттық олимпиада комитетінің президенті лауазымына Геннадий Головкин сайланды.

«Жаңа лауазымда еліміздің атынан әрекет ету - мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін басқаруды айтқанда Қазақстан спортын дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана, кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі халықаралық қарым-қатынасты реттеу деп білемін. Осы орайда, менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көптен бергі қалауым – бұл барлығын да өзімнің туған елімде жүзеге асыру», - деді жиында сөз алған Геннадий Головкин.

бокс
Фото: prosports.kz

Ол 1982 жылдың 28 ақпанында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жетті. Еш уақытта нокаут тұрмақ нокдаунға да түсіп көрген жоқ. Геннадий әуесқой бокста Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарды. Алайда, Олимпиада чемпионы бола алмады, күміс медальді қанағат тұтты. WBA нұсқасы бойынша орташа салмақта әлем чемпионы атағын 8 мәрте, IBO нұсқасы бойынша орташа салмақта әлем чемпионы атағын 5 рет қорғады. Кәсіпқой бокс тарихында орташа салмақ бойынша нокаут бойынша 89 пайыздық үлеспен бірінші орынға да шықты.

Ұлттық олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері бойынша вице-президенті – Мамин Асқар Ұзақбайұлы.

Аскар Мамин
Фото: primeminister.kz

Ол 1965 жылы 23 қазанда қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Әр жылдары Астана қаласының әкімі, Көлік және коммуникациялар министрі, Премьер-Министрдің орынбасары, Үкімет басшысы болған.

Ұлттық олимпиада комитетінің жазғы спорт түрлері бойынша вице-президенті – Әбілғазин Данияр Рүстемұлы. 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясының президенті, Үстел теннисі федерациясының президенті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы, «Almaty Triathlon Federation» ҚБ қамқоршылық кеңесінің, «Fizmat Endowment Fund» қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Ұлттық олимпиада комитетінің жалпы мәселелер бойынша вице-президенті – Мырзабосынов Ербол Қуантайұлы.

Мырзабосынов Ербол
Фото: primeminister.kz

Ол 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Семей педагогикалық иститутын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. 2020-2021 жылдары Qazaq kuresi қауымдастығының басқарушы директоры, 2021-2023 жылдары Дене тәрбиес және бұқаралық спорт академиясының ректоры болған. 2023 жылдан бері Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы қызметін атқарады.

Ұлттық олимпиада комитетінің параолимпиадалық спорт түрлері бойынша вице-президенті – Сәпиев Серік Жұманғалиұлы.

Серик Сапиев
Фото: inbusiness.kz

1983 жылы 16 қарашада Қарағанды облысында дүниеге келген. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2005 және 2007 жылдары бокстан әлем чемпионы, 2012 жылы Олимпиада чемпионы болған. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген спорт қайраткері, Вэл Баркер кубогының иегері. 

Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы – Өтешева Жанар Азырқанқызы.

Жанара Утешева
Фото: comode.kz

Ол соңғы 2 жыл бойы Геннадий Головкин командасының БАҚ-пен жұмыс мәселелерімен айналысып келді.

Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша ұлттық федерация өкілдері Ұлттық олимпиада комитеті Атқарушы комитетінің де мүшесі болды, олар:
Баландин Дмитрий Игоревич 1995 жылы 4 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 200 метрге брасс әдісімен жүзуден 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2015 жылы өткен Универсиада жеңімпазы;

Дмитрий Баландин
Фото: instagram.com/dmitriy_balandin

Сүлейменов Диас Төлеутайұлы 1972 жылы 27 шілдеде Теміртау қаласында дүниеге келген. «Қамқор Менеджмент» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстан Ұлттық шаңғы қауымдастығының призиденті, Ұлттық паралимпиадалық комитеттің вице-президенті;

Диас Сулейменов
Фото: ҚР ҰОК

Өтемұратов Болат Жамитұлы 1957 жылы 13 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақстан Теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының вице-президенті (International Tennis Federation);

болат өтемұратов
Фото: azattyq-ruhy.kz

Юсупова Әлия Мақсұтқызы 1984 жылы 15 мамырда Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақстан спортшысы. Көркем гимнастикадан Афина мен Бейжің Олимпиадаларына қатысқан;
Есекеев Қуанышбек Бақытбекұлы 1975 жылы 10 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі;

Алия Юсупова
Фото: ҚР ҰОК

Гаджиев Гаджи Шапиевич 1974 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген. Бизнесмен, қоғам қайраткері. Ауыр атлетика федерациясының бірінші вице-президенті, ҚР Пенчак силат қауымдастығының президенті;

гаджиев
Фото: Гаджи Гаджиевтің жеке мұрағатынан

Ахметов Даниал Кенжетайұлы 1954 жылы 15 маусымда Павлодар қаласында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қорғаныс министрі, Премьер-Министр, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқасының мүшесі (министр) болған;

Даниал Ахметов
Фото: instagram.com/danial.akhmetov.officia

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Алпамысов Абай Әбдімәсетұлы сайланды.

Алпамысов
Фото: pbcastana.kz

Ол 1969 жылы 11 маусымда дүниеге келген. Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясының бас хатшысы, президенті, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті Тексеру комиссиясының мүшесі болғандар:
Әшімбеков Раббани Әбдікамалұлы – Қазақстанның гимнастика федерацифсының бас хатшысы.

Серіков Роллан Серікұлы – Туризм және спорт министрлігінің Спорт істері және дене тәрбиесі комитеті төрағасының орынбасары.

Роллан Сериков
Фото: ҚР Турзим және спорт министрлігі

Спортшылардың, спортшылар сайлаған комиссияның өкілі болып Рыпакова Ольга Сергеевна сайланды.

Ольга Рыпакова
Фото: Акорда

Ол 1984 жылы 30 қарашада Өскемен қаласында дүниеге келген. Жеңіл атлет. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын, Бейжің Олимпиадасында күміс және Рие-де-Жанейро Олимпиадасына қола медаль жеңіп алған.

Ұлттық Олимпиада комитеті 1990 жылдың 3 ақпанында құрылып, 1993 жылдың қыркүйек айында Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан ресми түрде танылған. Ол дербес, тәуелсіз қоғамдық ұйым саналады. Өз қызметін жүзеге асыру барысында Олимпиада хартиясы, Қазақстан Республикасы Заңдары және ҰОК Жарғысын негізге алады. ҰОК миссиясы – Қазақстан аумағында олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Олимпиадалық құндылықтарды насихаттау.

Соңғы жаңалықтар