Ұлттық орталық музейде сирек киножәдігерлер көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сарғайған плакаттар мен ашық хаттар. Үнсіз тұрған ескі камералар мен проекторлар. Ұлттық орталық музей кеңістігі бұл күндері кино алаңына айналғандай.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бұл жәдігерлер арқылы қазақ киносының қалай қалыптасқанын, қандай ізденістер мен белестерден өткенін аңғартады.

Ұлттық орталық музейде «Ұлы мұра — ұрпаққа өсиет» фестивалі өтті. Фестиваль Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм ұлттық киностудиясы және Меңтай киномузейі бірлесуімен ұйымдастырылып, Қазақ КСР-нің халық әртісі, актер, опера әншісі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактер Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналды.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Көрме залына кірген сәттен-ақ өткен ғасырдың лебі сезіледі.

Меңтай киномузейі қорынан ұсынылған 1930-1940 жылдардағы киноплакаттар, сирек кинокамералар, кино туралы коллекциялық монеталар, ашық хаттар, күйтабақтар, 1930 жылғы Kodak проекторы, 1960-1970 жылдардың кинопленкалары, 1925-1998 жылдары жарық көрген «Советский экран» журналдарының тігінділері — бәрі де кино тарихының үнсіз куәгеріндей.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Әрбір жәдігерде тұтас дәуірдің табы, әр пленкада — тұтас бір тағдырдың ізі бар.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі — Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер Досхан Жолжақсыновтың естелігі болды. Ол Кәукен Кенжетаев туралы тебірене отырып, оның болмысын тұтас бір дәуірдің бейнесіндей сипаттады.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Кәукен ағаның өнері сан салалы еді. Опера театрындағы қызметі, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясындағы ұстаздығы, қаншама операны жаңғыртуға қосқан үлесі — бәрі бөлек әңгіме. Бірақ соның ішінде сүбелі орын кинодан бұйырды. Кинодағы кейіпкерлері тіпті бөлек болатын. «Қыз Жібектегі» Төлегеннің әкесі… Құдай-ау десеңізші, бір көзқарастың өзі тұтас тарих еді ғой, — деп еске алды ол.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Досхан Жолжақсынов үшін ең құнды естелік — Кәукен Кенжетаевпен «Гауhартас» фильмі алаңында бірге өткізген сәттер. Ол марқұмның бойындағы қазақы мінез пен сөзге деген мінәжатты ерекше атап өтті.

— Ол кісі өмірге үлкен байсалдықпен қарайтын. Сөздің де, істің де адамы екені бірден сезілетін. Кәукен ағамның ақындығы мені ерекше тәнті етті. Туған жердің сұлу табиғаты оған тек күш-қуат емес, ұлы өнер дарытқандай еді, — деді Жолжақсынов.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Актердің сөзінше, Кәукен Кенжетаевтың бойындағы сабырлық — өзгелерге үлгі болған қасиет.

— Біз кейде шыр-пыр болып жатамыз. Сондай сәтте Кәукен ағам бір-екі ауыз сөзбен сабамызға түсіретін. Сабырлығы, шешендігі, әнге деген құмарлығы ғана емес, оның дауысының өзі қайталанбас еді. Ерен еді, ерекше еді. Қалжыңдарының өзі қандай десеңізші. Жалпы қалжың айта білетін адам — ұлы адам. Қалжың деген — адамның жанындағы безбен. Озығы мен тозығын таразылап, сарасын алдыңа тартатын қасиет. Бұл — бүгінде біз естіп жүрген емес, қазақы, дархан қалжың еді. Адамды өсіретін, бағыт-бағдар беретін, өсиеті бар қалжың. Кәукен ағам бұған қоса өте қарапайым еді. Баламен балаша, үлкенмен үлкендей сөйлесе білетін. Бойындағы қанағатшылдық бірден көрінетін. Мұндай қасиеттер — ғажап тұлғаға ғана тән, — деді ол.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Көрме Қазақстанның жас кинематографистеріне, студенттерге, режиссерлерге, жас операторларға, суретшілерге, опера әншілері мен музыканттарға және өнерсүйер көпшілік қауымға арналды.

Көрмеге келгендердің қатарында Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының 1-курс студенті Жансая Әділғазина да бар.

п
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Өзіме өте ұнады. Көп мәлімет алдым. Осында келіп, Кәукен Кенжетаевтың шығармашылығымен алғаш рет жақын таныстым. Бұған дейін тек есімін естігенмін. Енді алдағы уақытта оның өнері мен адамдық болмысы туралы тереңірек ізденгім келеді. Ұлы тұлға екеніне көзім жетті, — деді ол.

Шара барысында Кәукен Кенжетаевқа арналған кітаптың таныстырылымы өтті. Алматының мемлекеттік архиві «Біздің замандастар» айдарының жалғасы ретінде әзірлеген «Кәукен Кенжетаев» атты жинақты басып шығарған. Кітапта Кәукен Кенжетаевтың жеке қор құжаттары негізге алынған.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жинақта оның Ұлттық консерваториядағы алғашқы әншілік жолы, қырық жылға жуық опера сахнасындағы шығармашылығы, әлемдік опералардан орындаған партиялары, режиссерлік және ұстаздық қызметі кеңінен қамтылған.

Сонымен қатар қазақтың халық ауыз әдебиеті негізінде жазылған опера либреттолары мен әлемдік операларды қазақ тіліне аударудағы еңбегі де көрініс тапқан.

Кітапта Кәукен Кенжетаевтың Шәкен Айманов, Амангелді Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Шәріп Бейсенбаев, Сұлтан Қожықов сынды режиссерлермен жұмыс істеген кезеңі, 30-ға жуық фильмдегі рөлдері арқылы ұлттық киноның дамуына қосқан үлесі де баяндалады.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сондай-ақ жинаққа Кәукен Кенжетаевтың әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері енгізілген. Атап айтқанда, өнер қайраткерлері С. Тәуекел, Р. Рымбаева, Т. Мұхамеджанов, О. Жүніс, А. Құлбаев, Р. Машурова, О. Сарбосовтардың жүрекжарды лебізі топтастырылған.

Сондай-ақ фестиваль аясында көрермен назарына 1975 жылы түсірілген «Гауhартас» фильмі ұсынылды.

а
Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» жаңа көрме залы ашылғанын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ Ұлттық кітапханада биыл мерейтойы аталып өтетін мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет пен өнер саласының 16 көрнекті өкіліне арналған көрме өтіп жатыр

а
Фото: Александр Павский / Kazinform
а
Фото: Александр Павский / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум