Ұлттық пантеон аумағына кімдер жерленеді: Ережеге өзгерту енгізілмек

Ұлттық пантеон туралы ережеге өзгерту енгілмек
Фото: facebook.com/Астана - Что? Где? Когда?

АСТАНА. KAZINFORM – Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында Ұлттық пантеон туралы ережеге өзгерту енгізуді көздейтін құжат жарияланды.

Ережеге енгізілетін өзгертулерге сәйкес, пантеон аумағына жерленетін тұлғалар тізімінен Президент отбасының мүшелері, Мемлекеттік хатшылар, Конституциялық Кеңес төрағасы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталған азаматтар алынып тасталмақ. Орден иелері «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылуына байланысты пантеон аумағында жерленбейді.

Сондай-ақ пантеон аумағында мемориалдық ғимарат, «Естелік қабырғасы» монументі бар естелік музейі (XХ-XXІ ғасырлар) болады.

«Қайтыс болған (қаза тапқан) мынадай адамдар Пантеон аумағында жерленеді: Қазақстан Республикасының Президенттері; Қазақстан Республикасының Премьер-Министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшілері, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағалары; министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері; «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар; «Алтын қыран», «Отан», «үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталған азаматтар; «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарына ие болған азаматтар; «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған азаматтар; Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар. Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады», - делінген жаңа редакциядағы ережеде.

Соңғы жаңалықтар