Ұлттық ұлан алғаш рет жасанды интеллект қолданылған концерт берді

АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының құрама оркестрі алғаш рет музыкалық туындыларға жасанды интеллект элементтері енгізілген концерт өткізді. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ұлттық ұлан алғаш рет жасанды интеллект қолданылған концерт берді
Фото: Ұлттық ұлан

«Жайна, Таразым!» атты шығармашылық кеш Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.  Концерт әскери дирижерлердің 5513 әскери бөлімінің базасындағы үш күндік оқу-әдістемелік жиыны аясында өтті. 

Ұлттық ұлан алғаш рет жасанды интеллект қолданылған концерт берді
Фото: Ұлттық ұлан

— Жамбыл облысында өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген Ұлттық ұланның 20 әскери оркестр жетекшілері жиналды. Олар бірнеше күн бойы біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып, әскери музыканы дамытудағы заманауи үрдістермен танысты. Іс-шараның негізгі жаңалығы — бірқатар музыкалық шығармаларды әзірлеу мен өңдеуде жасанды интеллектті пайдалану, — делінген хабарламада.

Ұлттық ұлан алғаш рет жасанды интеллект қолданылған концерт берді
Фото: Ұлттық ұлан

Бұл тәсіл танымал туындылардың дыбысталуын басқа қырынан ашты, сондай-ақ олардың көркемдік құндылығы мен ұлттық нақышын сақтай отырып, жаңаша үн сыйлады. Бағдарламада «Керней», «Жайна, Жамбыл», «Ана туралы жыр» және «Қазақ ұланы» шығармалары орындалды. Әскери оркестрдің кәсіби орындауы мен заманауи технологиялардың үйлесімі туындыларға жаңа реңк беріп, көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

Ұлттық ұлан алғаш рет жасанды интеллект қолданылған концерт берді
Фото: Ұлттық ұлан

Айта кетейік, жасанды интеллектіге негізделген камералар Ұлттық ұлан сарбаздарын бақылап отырады.