Петропавлдағы су тасқынына қарсы жұмыстар: ұландықтар 250 мың құм толы қап дайындады

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында күн райының күрт өзгеруі байқалады, екпінді жел күшейе түсті. Қызылжар ауданы Тепличное ауылында салынған бөгеттерді күшейту үшін су тасқыны салдарын жоюға Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары тартылды.

су тасқынына қарсы, құм, ұлан
Фото: gov.kz

– Олар төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметі және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге бүгінге дейін 250 мыңнан аса құм салынған қап әзірледі. 800 курсант төрт ауысым бойынша жұмыс істеп жатыр. Әскери қызметшілерге жүйелі түрде тамақ пен демалыс уақыты ұйымдастырылған, – деді Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Сарбаздар мен курсанттардың жағдайына қоғам да бейжай қарамай, қолдан келген көмегін көрсетуде. Атап айтқанда, «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті жауынгерлердің жағдайын назарда ұстап, түрлі қолдау шараларын іске асырып келеді.

– Бұл – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Балаларымыз күн демей, түн демей ел үшін еңбек етіп жүр. Біз оларға тек тамақ емес, аналық мейірімімізді де жеткізгіміз келеді. Мүмкіндігінше сарбаздарға ыстық тамақ апарып, хәлдерін сұрап тұрамыз. Бұл іске тұрғындар да атсалысып жатыр. Жастардың аман болуы – еліміздің аман болуы, – деді «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитетінің мүшесі Фарида Баубекова.

Еске салсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мемлекеттер тасқын сияқты табиғи дағдарыстарды бірлесіп еңсеру керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар