Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогының жеңімпазы болды.
Ақмола облысының Щучинск қаласында ересектер арасында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогы өтті. Жарысқа дене шынықтырудың, жекпе-жек техникасының және төзімділіктің жоғары деңгейін көрсеткен мықты спортшылар қатысты.
ІІМ Ұлттық ұланы Burkit Team спорт командасының өкілі, 6654 әскери бөлімінің офицері, капитан Қымбат Ахмет сәтті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол бірден екі пән бойынша бірінші орынға ие болды.
Доданың жекпе-жек бөлімінде 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде капитан Қымбат Ахмет Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар спортшы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Өзін-өзі қорғау» бөлімінде де жеңіске жетті.
Әскери қызметшінің жоғары нәтижесі құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің кәсіби даярлығын айқын растады.
Ұлттық ұлан әскери қызметшісі өртеніп жатқан үйге кіріп, екі баланы құтқарып қалғанын жазған едік.