Ұлттық ұланның ұшақ, тікұшақтарымен зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық ұланның ұшқыштары cу тасқынына қарсы шараларға үлкен үлес қосып жатыр. Бүгінде 62 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді.
Қазірдің өзінде 5 әскери-көліктік ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылған. Олар күн сайын гуманитарлық көмегін жеткізеді және жеке құрамды ауыстырады, су тасқыны мен ықтимал су басу орындарына ұшыраған аумақты айналып өтеді.

Қазақстандағы су тасқыны бойынша жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Апатпен күресте барлық қазақстандық бірігіп жатыр. Су тасқыны аймақтарында қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша тәулік бойы қызмет атқаратын Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де үлкен көмек көрсетеді. Ал тұтастай алғанда су тасқыны салдарын жою үшін құқықтық тәртіп әскерлерінің жеке құрамынан 1600-ден астам әскери қызметші жұмылдырылған.

Оның ішінде әрбір төртіншісі – Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі. Олар 4 ауысымда 17 техника бірлігімен тәулік бойы полиция қызметкерлерімен бірге Кирпичный және Заречный су басқан кенттерінің көшелерінде ұрлыққа жол бермеу бойынша қызмет атқарып жатыр.
Сондай-ақ Ақтөбе ұландықтары Шұбарқұдық және Ойыл елді мекендерінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін әскери бөлімнің автоотын құюшысының көмегімен жанар-жағармай материалдарын жеткізеді. Отынды Ақтөбе облысының әкімдігі ұсынды.
Қазақстанның батысында 5546 әскери бөлімінің (Атырау қ.) 10 автотехника бірлігінде 120 адамнан астам әскери қызметшілері су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге белсенді қатысады. Оның ішінде 50 сарбаз бен офицерлер 2 ауысымда қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеді. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп Құлсары қаласының көшелерінде ұрлыққа жол бермеу бойынша қызмет атқарады. Су тасқыны кезінде тікелей көмек ретінде 75 әскери қызметші қап дайындайды.

Айта кету керек, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің еңбекқорлығы қарапайым тұрғындардың да, әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен шенеуніктердің де назарынан тыс қалмады. Атырау қаласында жүргенде әлемге әйгілі әнші және мультиинструменталист Димаш Құдайберген жылы лебіздерін білдірді.
«Қазіргі уақытта ұландықтардың еңбегі өте зор. Біздің халқымыздың бейбітшілігі мен қауіпсіздігі үшін күн мен түнде еңбек ету ерлік деп айту артық айтқандық емес. Ұландықтардың бұл ерлік істері мәңгі есте қалады», - деп атап өтті Қазақстанның Халық әртісі.
Жалпы, ұландықтар елдің барлық су басқан аймақтарына жағалауды нығайту жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Су тасқынымен қамтылған елді мекендерде су бұруды және каналдарды тазартуды жүзеге асырады. Мәселен, бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын арықтарды тазартып, инертті материалдары бар 210 мыңнан астам қапшық – құм немесе саз дайындап, төселді.
