Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» клубы «Айбында» ерекше көзге түсті

сарбаздар
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 19 маусым күні Алматы қаласында «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Дәстүрлі жиында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 14-17 жас аралығындағы 750 жас патриот бақ сынап жатыр. Әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. 

Әскери-патриоттық ойынның ашылу салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жас патриоттарына жолдауын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқыды. Онда жиынның әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік, өзара көмек пен ұйымшылдық жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің кепілі екені айтылған.

Ұлттық ұлан
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жиынның ашылу салтанатына ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев және оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев, халық батырының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, сондай-ақ шетелдік қонақтар, еліміздің әскери-патриоттық клубтары мен оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысты. 

Елдің дамуы мен гүлденуі, оның келешегі жас ұрпаққа тікелей байланысты. Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру – қазақстандықтардың ортақ парызы. Мемлекет басшысы былтыр бүкіл армиялық кеңесте «Жас сарбазды» ұлттық деңгейге көтеру керек екенін айтты. Осындай іс-шара көп болса, болашақта патриот жастардың да қатары көбейетініне сенімдімін, - дейді генерал-майор Талапкер Әміреев.

Ұлттық ұлан
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

«Әли» оқу-жаттығу орталығында өткен жиынның алғашқы күнінде Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің қарамағындағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы екі номинация бойынша жеңімпаз атанды. Автоматты толық бөлшектеу мен жинақтау, сондай-ақ асық ату ойындарында Қаракемер кентінің М.Ломоносов атындағы мектебінің патриоттық сыныбы үздік деп танылып, І орынды иеленді. Ұлттық ұлан бастамасымен құрылған «Жас бүркіт» клубының әскери-патриоттық сыныптары еліміздің барлық өңіріндегі әскери бөлімдермен бірлесіп, жастар саясаты, ұлттық идеология бағытында жемісті еңбек етуде. 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ұлттық ұлан «Жас бүркіт» қозғалысы арқылы жастардың бойына үлкенді құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық тарих пен мәжениетті тану, ең бастысы Отанды сүю сынды құндылықтарды сіңіруге ықпал етуде. Бұл олардың патриот болып қалыптасуына, жан-жақты білім алуларына, спортпен және қолданбалы ғылымдармен шұғылдануына, болашақтарын ел қорғау ісімен байланыстыруға көмектесері сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum