Ұлттық валюта: Егемендіктен еркін бағамға дейін

АСТАНА. KAZINFROM – Бүгін, яғни 15 қараша – Ұлттық валюта күні. 1993 жылы төл теңгеміз айналымға еніп, еліміз дербес қаржы саясатына қадам басты. Осы орайда Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге теңгенің 30 жылдағы даму жолы мен экономикаға әсерін бағамдады.

теңге
Коллаж: Kazinform / ИИ

Гиперинфляция ықпалы

1993 жылы теңгенің айналымға енуі елдің тәуелсіздігін айқындайтын ең басты белгінің бірі болды. Өйткені Қазақстан егемендік алғанымен, экономикалық тұрғыдан Ресейдің рубль аймағына кіріптар еді. Ресей өзінің жаңа төлем жүйесіне көшіп, ескі кеңестік ақшаларды айналымнан шығарғанда, ТМД-ның басқа елдеріндегі құнсыз қағазға айналған миллиардтаған «кеңес рублі» Қазақстан нарығына ағылды. Бұл елдегі инфляция деңгейін 1000-2000%-ға дейін шарықтатып, экономиканы құрдымға тіреді.

Теңгені енгізу осы «рубльдік интервенциядан» құтылуға әрі Ұлттық банктің дербес монетарлық саясат жүргізуіне жол ашқан жалғыз құтқарушы амалы болды.

экономист
Фото: Бауыржан Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Экономист Бауыржан Ысқақов тарихи процесті нақты макроэкономикалық деректермен түсіндірді. Оның мәліметінше, әдепкіде 1 теңге = 500 кеңестік рубль күйінде айналымға енген.

– Халық үшін ең үлкен соққы бір реттік девальвация емес, дәл осы нарықтық жүйеге көшу мен бағаны еркіне жіберуден (либерализация) туындаған гиперинфляция болды. Ресми статистикаға сүйенсек, инфляция деңгейі 1993 жылы 2265%-ға, ал 1994 жылы 1258%-ға жеткен. Бұл жағдай тұрақты табысы бар қарапайым азаматтарды қатты күйзелтті, ал кәсіпорындар үшін шикізат сатып алу, айналым қаражатын жоспарлау мүмкін болмады, – дейді сарапшы.

Осылайша, теңге жылдан-жылға экономикалық қиындықтарға бейімделіп, орныға түскен. Әсіресе, 2000-шы жылдардағы қарқынды құрылыс пен ауқымды жобалар ұлттық валютаның аяққа тұруына септесті.

Неге теңге еркін айналымға жіберілді?

2015 жылдың 20 тамызында билік теңгенің «дәлізін» ұстап тұрудан бас тартып, оны еркін бағамға жіберді. Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, аталған шешім Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банктің талаптарын орындау үшін қабылданған.

– 2015-ші жылы теңгені еркін айналымға жібердік. Оған дейін Ұлттық банк теңгенің бағамын реттеу саясатын жүргізуші еді. Қазақстан ХВҚ-ға мүше болғандықтан, ұлттық валютаны нарықтың өз еркіне жіберуге мәжбүр болды. Қазір теңгені тек долларлық немесе теңгелік интервенция жасау арқылы ғана кей уақытта реттеуге мүмкіндігіміз бар, – дейді Сапарбай Жұбаев.

Сарапшының айтуынша, теңгені еркін айналымға жіберу Қазақстанға көп пайда әкелді. Қазір алтын-валюта резерві 60 миллиард долларға жуықтаған. Егер 2015-ші жылдағы еркін айналымға жібермегенде экономика қиын жағдайға душар болуы мүмкін еді. Себебі, ұлттық валютасын өте жоғары ұстап тұратын, жасанды түрде көтеретін елдердің экономикасының өсуі күмәнді.

Осы орайда экономист Бауыржан Ысқақов мәселенің геосаяси астарына үңілді. Оның сөзінше, 2015 жылы әлемдік мұнай бағасы төмендеп, Ресей рублі мен басқа да сауда серіктестердің валюталары әлсіреген. Мұндай жағдайда теңгені бұрынғыдай ұстап тұру үшін валюта резервтерін тұрақты жұмсауға мәжбүр болатын едік.

– Еркін бағамға көшу нарық жағдайына орай жүзеге асты және резервтерді сақтауға бағытталған шешім болды. Алайда бұл өзгерістің басқа қыры бар. Теңге әлсірегенде импортталатын азық-түлік, техника, дәрі-дәрмек, өндіріс қымбаттады. Бұл инфляцияны жоғарылатып, ізінше халықтың сатып алу қабілетін қиындата түскенін білеміз, – деді спикер.

Теңгені нығайту жолы 

Бауыржан Ысқақовтың пайымдауынша, теңгенің ұзақмерзімді негізін өндіріс әлеуеті, экспорттан түсетін валюта, төлем балансы, инфляция мен бюджет саясаты қалыптастырады. Ал қысқа мерзімде әлемдік мұнай бағасы, доллардың халықаралық нарықтағы қозғалысы, сауда серіктестерінің валюталары мен геосаяси оқиғалар маңызды.

– Ұлттық банктің түсіндіруінше, ішкі де, сыртқы да факторлар бағамға әсерін тигізеді. Мысалы, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,1%-ға өсті, бірақ ішкі жалпы өнім өсімі теңгені міндетті түрде нығайтады деген сөз емес. Өсімнің қай саладан келгені, экспорт пен импорттың арақатынасы, компаниялар мен халықтың валютаға сұранысы да өзекті. Демек, жалпы экономикалық өсіммен қатар оның құрылымына да қарау қажет, – деген ойда экономист.

Сарапшы Сапарбай Жұбаев теңге бағамына Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің әсері бар дейді. Егер базалық мөлшерлеме тым жоғары болса, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артады. Олар елге доллар әкеліп, теңгеге айырбастап, депозиттер мен мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Осылайша, биржада доллардың ұсынысы көбейіп, теңгені жасанды түрде күшейтуге мүмкіндік тумақ.

Долларсыздандыру қарқын ала ма?

Қазір Қазақстан экономиканы доллар құрсауынан босатуға тырысып келеді. Мысалы, 2015 жылы доллармен сақталған депозиттер 80 пайыз болса, биыл жылы көрсеткіш 18,7 пайызға түсті.

экономист
Фото: Сапарбай Жұбаевтың жеке мұрағатынан

Сапарбай Жұбаевтың пайымдауынша, мұндай нәтижеге Ұлттық банктің депозиттерге белгілеген сыйақы саясаты әсер еткен. Мәселен, долларлық депозиттердің жылдық мөлшерлемесі 1%-ға дейін шектелсе, теңгелік салымдарға 15–20% аралығында жоғары пайыз төленеді. Бұл халық пен бизнесті долларды сатып, жаппай теңгедегі депозит ашуға итермелеуді.

– Алайда қазір долларсыздану саясаты, меніңше, сәл жұмсарды. Банктен ұзақ мерзімді доллардағы депозиттерге 2 пайыз сыйақы бере бастады. Ал негізінен Еуропа елдерінде долларлық депозиттердің жылдық табысы 2-3 пайыз. Біз де жаппай 2-3 пайызға жеткізген кезде долларсыздандыру саясатын тоқтататын секілдіміз, – деп болжады Сапарбай Жұбаев.

Осы орайда экономист Бауыржан Ысқақов долларлық депозиттердің үлесі азайғанын үлкен жетістік деп бағалағанымен, маңызды ескерту жасай кетті. Айтуынша, доллардағы депозиттердің төмен көрсеткіші халықтың қолма-қол ақшасы мен шетелдік активтерінің сипатын көрсетпейді. Сол себепті теңгеге деген шынайы сенімді тудыру үшін ұран мен үндеу жеткіліксіз.

– Ең алдымен, инфляцияны тұрақты төмендетіп, теңге салымының табысын инфляциядан жоғары болуына жағдай жасау керек. Сонымен бірге экономикалық саясат болжамды әрі түсінікті болуы, депозиттерді қорғау жүйесінің сенімді жұмыс істеуі шешуші рөл атқарады. Оған қоса халық теңгемен ұзақ мерзімді жинақ жоспарлауы, инвестиция жасауға мүмкіндік алуы шарт, – дейді экономист.

«Ұлттық қорға иек артпау керек»

Монетарлық саясаттың классикалық ережесі бойынша, Ұлттық банк теңге бағамын тек алтын-валюта резервтерімен ғана реттеуі тиіс. Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, Үкімет кейінгі жылдары бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан ауқымды көлемде трансферт алып, оны биржада сатып келеді. Осы орасан зор доллар массасының нарыққа құйылуы биржада долларды жасанды түрде құнсыздандырып, теңгені шамадан тыс күшейтіп жіберді.

Қор
Фото: Kazinform

Сарапшы мұны экономика үшін өте зиянды құбылыс деп санайды, өйткені бұл отандық өнімнің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілетін тежеуі ықтимал.

Өз кезегінде Бауыржан Ысқақов Ұлттық банктің тікелей интервенциясы мен Ұлттық қордың трансфертін бір-бірінен ажырату қажетін алға тартты.

– Резервтерді пайдалану қысқа мерзімге ғана тиімді болуы мүмкін. Бірақ резервті белгілі бір бағамды ұзақ уақыт бойы қорғауға жұмсау дұрыс емес. Бұл қадам резервтерді азайтады және нақты мәселені шешпейді. Ал қордағы валютаны сату көбіне бюджетке берілетін трансферттерді қаржыландырумен байланысты, сондықтан оның нарықтан барынша бейтарап ұстау керек. Мысалы, 2026 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк тікелей валюталық интервенция жүргізген жоқ. Ұлттық қордан сатылатын валюта сауда көлемінің 1,9%-ын құрап отыр, – деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар экономист алдағы жылдары теңге бағамын сақтаудың бірнеше тәсілін ұсынды.

– Біріншіден, инфляцияны төмендетіп, ақша-несие саясатының болжамдылығын сақтау керек. 

Екіншіден, бюджет шығысы мен Ұлттық қор трансфертін теңгерімді жоспарлау маңызды. Бюджеттен экономикаға шамадан тыс ақша құйылса, сұраныс пен импорт өсіп, инфляция деңгейі артып, валюта нарығына қосымша қысым түсуі мүмкін.

Үшіншіден, мұнай мен шикізат экспортына тәуелділікті азайту керек. Ол үшін өңдеу өнеркәсібі мен жоғары қосылған құны бар экспортты дамыту жеткілікті.

Соңғысы, компанияларға валюта тәуекелін басқаруға мүмкіндік берген жөн, – дейді Бауыржан Ысқақов.