Ұлттық жасанды интеллект орталығын құруды пысықтап жатырмыз – Роман Скляр
АСТАНА. KAZINFORM – Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Қазір орталықты құру мәселелері пысықталып жатыр.
«Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру үшін оның мазмұнын толықтыру пысықталуда. Бұл ретте экономиканың барлық салалары мен «Электронды үкімет» үшін жасанды интеллект саласында өнімдер әзірлеу жүргізілуде», - деді ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысында.
Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Астанада жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосуды тапсырған еді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту керектігін айтты.