Ұлттық жоба көмір генерациясының отын-логистикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында көмір генерациясының ұзақ мерзімді және теңгерімді отын-логистикалық базасын қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар көзделген, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Көмір генерациясын дамыту жобасы: энергетикалық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі
Фото: Nano Banana

Көмір электр станцияларының сенімді жұмысы көмір өндіруді, көлік инфрақұрылымын және энергетикалық қуаттарды үйлестіре дамытуға негізделген тұрақты отынмен жабдықтау жүйесін талап етеді. Жаңа станцияларды іске қосу және электр энергиясын тұтынудың өсуі жағдайында көмірмен қамтамасыз етудің болжамды моделін қалыптастыру ерекше маңызға ие.

Негізгі бағыттардың бірі көмір бойынша ұзақ мерзімді отын-энергетикалық теңгерімді әзірлеу болады. Бұл жұмыс қолданыстағы және жаңа генерациялаушы объектілер үшін көмір өндіру, тасымалдау және тұтыну көлемдерін болжауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ішкі тұтынушылар үшін магистральдық теміржол желісі арқылы көмір тасымалдауға тұрақты тарифтік шарттар қалыптастыру қарастырылған. Бұл баға ауытқуларының тәуекелдерін төмендетіп, электр энергиясының өзіндік құнындағы көлік құрамдасының болжамдылығын қамтамасыз етеді.

— Қосымша түрде энергия өндіруші ұйымдар деңгейінде отынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту жоспарланған. Оның ішінде көмір беру жүйелерін жаңғырту және нормативтік қорларды сақтау үшін қойма қуаттарын кеңейту көзделген. Аталған шараларды іске асыру көмір электр станцияларын сенімді отынмен қамтамасыз етіп, электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ көмір өндіру саласы, көлік инфрақұрылымы және энергетика дамуын үйлестіруге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстан Air Products компаниясына мұнай-газ химиясы және көмір химиясын дамытуды ұсынғанын жазғанбыз.