Ұлттық академиялық кітапханада «Абай» залы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты Ұлттық академиялық кітапханада «Абай» академиялық залы ашылды.
«Абай» залының қорында әзірге 500-ге жуық басылым бар. Сол қатардан Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Мұхамеджан Әбдіхалықовтың жеке кітапханасындағы сирек қорлар да орын алды. Бұл бірегей жазбаларды оның немересі, заң ғылымдарының кандидаты Е.У.Ихсанов жеткізіп берген. Бұған «Құнанбаев, А. (Ибраһим) Шығармаларының толық жинағы» (1948 жыл), «Лирика и поэмы» (1940 жыл), М. Әуезовтың «Абай» (1948 жыл) құнды жинақтарды жатқызуға болады.
Зал қорында Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиеттер мен ақынның жеке шығармалары айырықша орынға ие. Сонымен қатар қазақстандық және ресейлік ғалымдардың диссертацияларына және авторефераттарына, сондай-ақ анықтамалық-библиографиялық басылымдар қорына ашық қол жеткізу жағы қарастырылған. «Абай залының қоры оқырмандар мүддесі есебінен белсенді түрде толықтырылатын болады.
Бұдан бөлек, Ұлттық академиялық кітапханасы Абай порталын ашуды жоспарлауда.
Залдың міндеті - барлық еңбектерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, дәстүрлі және қазіргі заманғы технологиялар арқылы ізденушілер мен оқырмандарға мәліметтерді жедел ұсыну. Егер бұған дейін ғалымдар, докторанттар әдебиеттерді өздері іздестіріп, кітапхананың кез келген залында зерттеу жұмыстарымен айналысып келсе, қазіргі күні академиялық залдың міндетіне кешенді қызмет түрлерін ұсыну міндеті жүктеліп отыр.