Ұлттық академиялық кітапханада «Бұл Жеңіс күні» атты кеш өтеді
Әдеби-музыкалық кешке Ұлы Отан соғысының ардагерлер кеңесінің ардагерлері Құрмантай Айтжанов, Сихымбай Мамыров және тыл ардагерлері Қайдар Меңдіқұлов, Инсафидин Гареев және кітапхана оқырмандары мен оқушылар қатысады.
Шараның мақсаты - ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһармандарымыздың ерліктерін мәңгілік ұрпақ жадына сіңіру. Ардагерлердің туған еліміздің азаттығы жолындағы жасаған ерлік істерін жалғастыру, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.
Сондай-ақ кеште Ұлы Жеңіс күні туралы бейнефильм көрсетіліп, өлең-жыр оқылады. Кешке арналып кітапхана қорынан «Ерлік - елге мұра» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылады.
1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектерінің 70 пайызы. Соғыстың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты. Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.
Бұл күні біз қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етеміз. Бұл мереке хақылымыздың мәңгілік мақтанышы болып қала бермек.
Кештің басталуы бүгін сағат 15-00-ге жоспарланған.