Ұлттық академиялық кітапханада С.Құсайыновтың жеке фотокөрмесі ашылды

АНА. Қазанның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Самат Құсайыновтың «Сайын дала, салт-дәстүр сыр шертеді суретте» атты фотокөрмесі ашылды,

Ұлттық академиялық кітапханада С.Құсайыновтың жеке фотокөрмесі ашылды

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрме Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. «Біздің қор тілді ғана емес, сонымен қатар жалпы қазақ әлемін насихаттаумен айналысады. Журналистика, әсіресе, фотожурналистика елімізде енді-енді жаңа деңгейге көшіп келе жатыр. Саяси, мәдени, табиғи, жалпы қандай сурет болмасын оны кәсіби деңгейде түсіріп, ұсынуда фототілшілердің еңбегі зор», - деді Қор директоры Берік Әбдіғали.

Көрмеге қазақ халқының дәстүрінен, тұрмыстық жай-күйі мен аса бай киім үлгілерінен сыр шертетін, сондай-ақ туған елдің көз тартар ғажайып табиғатын бейнелейтін 100-ден астам сурет қойылды. «Табиғат адамға Алламен берілген сый. Кейде қандай әсем де әдемі жерде жүрсек те, табиғатымыздың байлығын пендешілікпен көре бермейміз. Көре білгенді   өсіп тұрған бір тал ағаш та таңғалдырады», - дейді автор.

С.Құсайынов фототілшілікпен 2000 жылдан бері айналысып келеді. 2007 жылы Алматыда оның «Көрікті Алматы» фотокөрмесі өтті. «Сарысудың сырлы суреттері» және «Аңсаған атажұрт» атты екі фотоальбомы жарық көрді. Қазіргі күні «Алматы ақшамы» газетінің фототілшісі.

 Көрме үстіміздегі қараша айының 1-іне дейін жалғасады.