Ұлттық академиялық кітапханада Ш.Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына арналған кеш өтті
СТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ағартушы ғалым, саяхатшы, этнограф және зерттеуші Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына арналған кеш өтті.
Кешті ашқан Ұлттық Академиялық кітапхананың бас директоры Рақымжан Отарбаев, Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдағы қазақ зиялыларының көшбасшысы болған дара тұлға, қазақты бүтін Ресей еліне, Батыс Еуропаға танытқан үлкен қайраткер екендігін атап өтті.
«Құйрықты жұлдыздай ағып өткен қысқа ғана ғұмырында бес томдық үлкен еңбек жазды, артында қаншама суреттері қалды. Ш.Уәлиханов Қашғарияны зерттеген, Семенов Тянь-Шанскийдің шәкірті және Тянь-Шанский өзі бас болған Академияның толық мүшесі ретінде сайланған тұңғыш қазақ ғалымы», - деді ол.
Шара барысында Ш.Уәлихановтың эскиздері, суреттері мен нобайларының көрмесі, оның эскиздері бойынша жасалынған әйелдердің ұлттық бас киімдері, оның ішінде кимешек, сәукеле, тақия, қасаба көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ біртуар ғалымның шығу тегін, оның білім-ғылым жолдарын, зерттеулері мен саяхаттарын, достары мен қарым-қатынастарын баяндайтын планшеттер ілінді.
Көрменің авторы, этнограф Сымбат Мұхамедьярованың айтуынша, көрме барысында Ш.Уәлихановты суретші қырынан ашуға баса назар аударылған. Себебі, ол өзін қылқалам өнерінің барлық жанрында таныта білген. Олардың арасынан портреттер, табиғат, халық өмірі мен географиялық карталарды көруге болады. Көрмеге қойылған бас киім үлгілері, оның «Ыстық көл қырғыздарының әйелдері» атты суретіндегі үлгілер бойынша тігілген.