Ұлттық академиялық кітапханада «Шаңырақ» балалар оқу залы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана өз оқырмандарына «Бүгінгі бала - білімді бала» атты кітап мейрамының бағдарламасын ұсынды.
None
None

Осы шара аясында арнайы жабдықталған «Шаңырақ» балалар оқу залы ашылды.

Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры Үмітхан Мұңалбаева білім күні балаларға арнайы сыйлық ретінде осындай тұрақты жұмыс істейтін залдың ашылып отырғанын жеткізді. Балдырғандар мұнда келіп, кітап оқуына, сурет салуына және басқа да шығармашылық жұмыстармен танысуына болады.

Кітапханаға жиналған жас оқырмандарға зейнеткер, ардагер ұстаз Қажек Есенбекұлы бата берді. Тәуелсіз еліміздің болашағы білім мен ғылым жолын қуған балалар екенін тілге тиек етті.

Ақын Несіпбек Айтұлы балаларға арналған мұндай залдың ашылуы жақсы бастама екенін, еліміздің басқа кітапханаларында да осындай орталықтар болғаны дұрыс екенін айтты.

Балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым кітап оқитын зерделі балалар білімді де ақылды болатынын айтты және мұндай залда жас оқырманның зерек болып өсуіне барлық мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Ақындар Айбатыр Сейтақ пен Қалқаман Сарин «Шаңырақ» балалар оқу залына жыр жинақтарын табыс етті.

Осы шараға келген балдырғандар ән айтты, тақпақ оқыды және кітапханаға жиі келіп тұруға уәде берді.

Соңғы жаңалықтар