«Ұлттық анимация: ұйқыдағы сананы оятатын кез жетті» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Омская правда» басылымының бас редакторы Андрей Мотовиловпен арадағы сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр. - Омбы облысы Қазақстанның Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектеседі, - деп бастады әңгімесін Андрей Мотовилов. - Өңіріміздің аталған осы үш аймақпен, сондай-ақ, Қазақстанның өзге де жерлерімен әр саладағы ынтымақтастығы жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұған екі мемлекет басшыларының қосқан үлесі ерекше зор екенін қазақстандықтар да, ресейліктер де жақсы біледі. Оның үстіне бүгінде біздің облыста 79 мыңнан астам жергілікті қазақтар тұрады. Бұл Омбы аумағында тұратын халықтың 4,1 пайызын құрайды. Көпшілікпен бірге олар да ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Бұл сұхбат «Омская правда» газетінің бас редакторы: «Омбы - екі елге ортақ қала» деген тақырыппен басылды.
Бас басылымда «Одаққа Түркия да қызығушылық танытты» атты мақала берілген. Анкарада Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаевтың, Ресей елшісі Андрей Карловтың, Беларусь елшісі Андрей Савинных пен Қырғызстан елшісі Ибраһим Жүнісовтің қатысуымен жетекші түрік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шара 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) арналды. Іс-шара барысында спикерлер ЕАЭО құру мақсаттарына, атап айтқанда, Одаққа мүше мемлекеттер халықтарының өмір сүру деңгейін көтеруді көздейтін ел экономикаларының тұрақты дамуына бағытталған мәселелер туралы әңгімеледі. Тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының Одақ ішінде еркін айналымына, ғаламдық экономика жағдайында ұлттық экономикалардың кооперациялануын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Қазақ мемлекеттілігі күнін белгілеу туралы ой тастады. «Біз ақтаңдақтарды жою жағынан алға бастық. Бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды датаны айта алмай келіп едік. Енді нүкте қойылды. Бізде 1465 жылы Қазақ хандығы құрылды деген дерек бар, соған жүгінеміз. Дерек бар болғандықтан, енді бізге Қазақ мемлекеттілігі күні деген ресми күнді белгілеу керек. Бұл Қазақстан азаматтарының мемлекетке деген құрметін арттырады. Азамат, мемлекет, заң деген ішкі байланыстарды нығайтудың тетігіне айналады. Осы неше түрлі атаулы күндер бар ғой, мысалы, жуырда Халықаралық қар күні деген мереке өтті. Қар күнінің қасында Қазақ мемлекеттілігі күні үлкен той емес пе?» - дейді тарихшы. Бұл жайында «Қазақ мемлекеттілігі күнін белгілеу керек пе?» деген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Ұлттық анимация: ұйқыдағы сананы оятатын кез жетті» деген мақала жарияланды. Қазақ мультфильмі көшке ілесті деп сеніммен айта аламыз ба, алмаймыз ба, білмеймін, бастысы қазақ анимациясында жаңашыл бетбұрыстың пайда болғанын мойындауымыз керек. Ресей, Қытай, Жапония, АҚШ секілді алпауыт мемлекеттердегідей қыруар қаржы бөлініп, анимациялық фильмдердің дамуына күш салмасақ та, қазақ мультфильмінің көші жанданып келеді. 1967 жылы жарыққа шыққан Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмінен кейін көш тоқтап қалғандай болған еді. Араға үзіліс салып, қазақ мультфильмі қайта атқа қонды. Осы кездері қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. «Олардың қатарында Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауованың - «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың - «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың -«Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың - «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері - қазақ мультипликациясына қосылған тың шығармалар болатын. Бұл - қазақ анимациясы үшін үлкен жетістік. Дегенмен, қазақ анимациясының әлемдік деңгейдегі мультипликация өнерімен бәсекеге түсе алмайтыны, ұлттық анимацияның дамуындағы кемшін тұстар көңілге өкініш ұялатады»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» газетінде «Как домбрист в зеленой майке шоу-бизнес разорвал» деген мақала берілген. Қостанайлық домбырашы Еркін Сүйінбаевтың атағы көршілес Ресейде күн сайын артып келеді. Оның қазақша және орысша мәтінде орындалған әні YouTube бейне хостингінде 300 мың көрермен жинаған екен. Сонымен қатар олар Еркіннің орындауындағы осы әнге байланысты бірнеше жүздеген пікірлер қалдырып үлгеріпті.