Ұлттық арна қашан да ұлттық құндылықтарға қызмет ете береді - Ерлан Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тұмар» бәйгесінің «Үздік ақпараттық бағдарлама», «Үздік ойын-сауық жобасы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ұлттық арна қашан да ұлттық құндылықтарға қызмет ете береді - Ерлан Қарин

«Үздік ақпараттық бағдарлама» номинациясы бойынша - 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы ең үздік деп танылды. Ал «Үздік ойын-сауық жобасы» номинациясында - Ұлттық арнаның бастамасымен көрерменге жол тартқан «Мен Қазақпын» жобасының шоқтығы биік болды.

«Ұлттық арна қашан да, қай кезде де ұлттық құндылықтарға қызмет ете береді. Барша әріптестерімді құттықтай отырып, қашан да ұлттық мүддеге адал болайық дегім келеді», - деді «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Еске сала кетсек, «Тұмарға» өтінімдерді қабылдау толығымен автоматтандырылып, kaztube.kz порталының негізінде жүзеге асырылған болатын. Бәйгеге қатысушылардың жоғары белсенділіктерін атап өту керек. Өтінімдерді қабылдау кезеңінде kaztube.kz порталына кірушілер саны 80%-ға өсті, ал өтінімдер саны былтырғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есеге артты (240 өтінім).

2018 жылы «Тұмарға» 397 конкурстық жұмыс келіп түсті. Олардың ішінде қазылар алқасы Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес рәсімделген 355 конкурстық өтінімді қарады.

Ағымдағы жылғы бәйгеге 14 номинация бойынша өтінімдер қабылдау 15 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізілген.