Ұлттық арнада «Қазақстан Дауысы» жобасының «Көрмей тыңдау» кезеңі өз мәресіне жетті

Бірнеше апта бойы шыр көбелек айналған айналмалы орындық иелері ақыры бір тоқтамға келіп, өздеріне тиесілі 16 үміткерді таңдап алды. Дарынды үміткерлердің дауысына тәлімгерлердің өзі таласты. Кейбір үміткердің бабы келіссе де, бағы жанбады. Сахна төрінде болып жатқан көңіл тебірентер талай жайтқа қалың көрермен куә болды. Әннің алғашқы ноталарымен-ақ тәлімгерлердің бетін бері қаратқан таланттардың өнері ерекше болды. Жоба барысында 4 тәлімгер үміткерлермен бірге жылап, бірге қуанды. Олардың да саф дауысты дөп басып таба алмай, өкініп қалған тұстары да болды. Қалай десек те «Көрмей тыңдау» кезеңінің әсерлі сәттері артта қалды.
Алда «Шайқас» күтіп тұр. Іріктеуден сүрінбей өтіп, тәлімгерлердің қамқорлығына ілінген өнерпаздар енді өзара шайқасады.
Тәлімгерлер таңдап алған 16 үміткер өзінің мықты екенін дәлелдеу үшін бір бірімен бәсекеге түседі. 2 үміткерге бір ән беріледі. Әнді нақышына келтіре шырқап, мысы басым түскен жүйрік қана келесі кезеңге өтеді. Ал қарсыласына төтеп бере алмаған өнерпаз жобадан шығып қалады.
Міне осы аптада жобаның нағыз шарықтау шегі «Шайқас» кезеңі басталады. Үміткерлердің шабытын шыңдап, талантына қамшы басар тұсы енді келген секілді. Бұл жолы да тәлімгерлерге оңай соқпасы анық. Олар көптің ішінен таңдап алған үміткерлерін өз шешімімен жобадан шығарып жібереді. Демек, өнерпаздардың осы жобадағы тағдыры тәлімгердің қолында.
«Шайқас» кезеңі, расында «Қазақстан дауысы» атанғысы келгендер үшін нағыз шайқас болмақшы. «Қазақстан дауысының» кезекті көрсетілімін 17 қараша күні сағат 21.30-да тамашалауға болады.