Ұлттық атластың 3D үлгісі шығарылмақ
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта біз Қазақстанның ұлттық атласының 3D үлгісін шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен салтанатты жиыннан кейін «Қазтеңізгеофизика» компаниясының кеңесшісі Мирғали Қонаев мәлім етті.
«Карталардың негізінде көп нәрсе жатыр ғой. Одан біраз мағлұмат алуға болады. Содан болар, біз жасап шығарған Қазақстанның ұлттық атласына қатысты жүздеген пікірлер келіп түсті. Оның ішінде шетелдік ғалымдардың лебіздері де бар. Бұл атласта Қазақстан туралы толыққанды ақпарат қамтылған. Алдағы уақытта біз оны тереңдетіп, 3D үлгісін шығаруды көздейміз», - дейді М.Қонаев.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаев бірқатар азаматтарға ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты табыстады. Олардың ішінде «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингіне қарасты география институтының ұжымы да бар. Олар - директор Ахметқал Медеу, профессор Фарида Ақиянова, зертхана жетекшісі Виктор Благовещенский, бас менеджер Игорь Малковский мен бас ғылыми қызметкер Эмиль Нұрмамбетов. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Әлия Бейсенова мен «Қазтеңізгеофизика» компаниясының кеңесшісі Мирғали Қонаев Президенттің қолынан сыйлық алды. Олар еліміздің ұлттық атласын жасап шықты.