Ұлттық банк: 2017 жылы экономикалық өсу қарқыны 3%-ды құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышевтың Америка сауда палатасының өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк: 2017 жылы экономикалық өсу қарқыны 3%-ды құрайды

Іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Д. Ақышев «Еліміздің орталық банкі ретінде Ұлттық Банк жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып, уақтылы шаралар қабылдау үшін ел ішіндегі ғана емес, одан тыс жерлердегі үрдістерді де мұқият қадағалап отыратынын» атап өтті.

«Қазақстан әлемдік қоғамдастықпен тығыз ықпалдасқан, экономикасы ашық ел болып табылады, - деді ол. - Соңғы жылдары дамушы елдер нарықтары әлемдік экономикада айтарлықтай маңызды рөл атқара бастады. Дамушы елдердің әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 60%-ды құрайды, ал 10 жыл бұрын ол 49% болатын. Дамушы нарықтардың әлемдік ­ІЖӨ-нің өсуіне қосқан үлесі 2008 жылдан бері 80%-ды құрады және дамушы елдердің ІЖӨ-нің орташа өсуі дамыған елдердің өсуінен үнемі асып отыр».

Д. Ақышев «өсудің ұзақ кезеңіне қарамастан, дамушы нарықтар әлі де өзгеру сатысында тұр және кейбір тәуекелдермен сипатталады» деп атап өтті. Оның айтуынша, дамыған елдердің, оның ішінде монетарлық саладағы саясатының айқындаушы мәні бар. «АҚШ-тың жаңа саясаты әлемдік экономикаға негізгі үш арна арқылы ықпал етеді. Бірінші - бұл фискалдық ынталандыру, ол ғаламдық өсу және шикізат тауарларының бағасына қолдау әсерін тигізуге тиіс. Екіншісі - протекционизмнің жоғары ықтималдылығы, бұл дамушы  нарықтардың, атап айтқанда АҚШ-пен тауар айналымы жоғары нарықтардың экономикаларына теріс әсер етуі мүмкін. Және үшінші - АҚШ долларының нығаю ықтималдылығы, бұл қарыз алу құнына теріс әсер етуі мүмкін. Мәселен, АҚШ ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерінің көтерілуі маңызды фактор болып табылады», - деп хабарлады Д. Ақышев, «Ұлттық Банк елдің экономикалық даму барысына әлеуетті әсер етуі мүмкін оқиғаларды тұрақты зерттеп, талдайды», деп толықтыра отырып. Бұл Ұлттық Банктің ақша-кредиттік реттеу саласындағы саясатына және сол сияқты алтынвалюта резервтерін басқару және мемлекеттің халықаралық саладағы ұстанымын әзірлеу процестеріне қатысты, деп нақтылады ҚРҰБ басшысы.

«Сыртқы нарықтардағы ахуал бізге жағымды болды және оң үрдістерге ықпал етіп отыр. Мұнайдың әлемдік бағасы салыстырмалы түрде  тұрақтанды. Ресей экономикасы инфляция бірмезгілде төмендеген кезде оң өсуді көрсетіп отыр. Қытай экономикасы инфрақұрылымға инвестициялармен және тұрғын үй құрылысын кредиттеумен қолдау табатын орнықты дамуды көрсетуді жалғастырып отыр», -  деді Д. Ақышев.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы 3 жыл бәсеңдегеннен кейін 2017 жылы ел экономикасы қалыпқа келудің жақсы серпінін көрсетіп отырғандығын жеткізді.

«1-тоқсанда ІЖӨ нақты көрсеткіште 3,4%-ға ұлғайды. Біздің бағалауымызша, 2017 жылы экономикалық өсу қарқыны шамамен 3%-ды құрайды, ал 2018 жылы 3,5-4%-ға дейін жылдамдатылады. Өсудің оң серпіні экономиканың барлық негізгі салаларында күтілуде, оның ішінде мұнайға жатпайтын сектор тарапынан да оң үлес ұлғаятын болады», деп атап өтті Д. Ақышев.