Ұлттық банк 2020 жылға дейін инфляцияны 4 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүдделі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк 2020 жылға дейін инфляцияны 4 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүдделі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін талқылау барысында баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов осылай мәлім етті.
ҰБ өкілінің айтуынша, инфляцияға әсер ететін негізгі факторларда тұрақтылық бар. Атап айтқанда, теңге бағамы салыстырмалы түрде тұрақты болып сақталуда. Импорттық өнімге бағаның өзгеруі де барынша төмен. Сонымен қатар, жалақының нақты деңгейінің төмендеуі тұтынушылық сұранысты шектеп отыр. «Экономикадағы іскерлік белсенділік төмен деңгейде сақталуда. Ресейдегі төмен инфлияция аясында көрші елден келетін тауарлармен бәсекелестік қатаңдатылуда. Сонымен қатар, табиғи монополиялар қызметтеріне қатысты саясат инфляцияның баяулауына ықпал ететін болады», деді А. Ахметов.
Оның айтуынша, ҰБ шаралары орта мерзімді кезеңдегі инфляцияға әсер ететін болады. «Сондықтан да, біз 2017 жылға болжам жасап, 2020 жылға дейін инфляцияның 4 пайыздан төмен деңгейіне болжам жасаймыз. Бұл біздің мақсатымыз, оған қол жеткізу үшін бар күшті саламыз. Нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлер инфляцияны және тиісінше болашақтағы баға деңгейінің қалай болатынын түсіне отырып, болашаққа арналған инвестиция туралы шешімдер қабылдай алады», деді ҰБ өкілі.