Ұлттық банк 7 күндік қайтару мерзімі бар депозиттік аукциондарды бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі 7 күндік қайтару мерзімі бар депозиттік аукциондарды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк 2019 жылғы 18 ақпаннан бастап 7 күндік қайтару мерзімі бар депозиттік аукциондарды өткізе бастайды және Ұлттық банктің 7 күндік қысқа мерзімді ноттарының аукционын өткізуді тоқтатады. Депозиттік аукционды бастаумен тұрақты қолжетімділік операцияларының аясында 7 күндік депозиттерді тарту да тоқтатылады», - делінген банк таратқан ақпаратта.
Қаржы институтының мәліметінше, депозиттік аукцион өтімділікті алу үшін ақша-кредит саясатының ашық нарығы операцияларының негізгі құралы болып саналады. Бұл өзгерістер Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің пайыздық арнасының тиімділігін арттыруға бағытталған. Депозиттік аукциондар ақша-кредит саясатын іске асыру аясында Ұлттық банктің аукциондарды өткізу қағидаларына сәйкес өткізіледі.