Ұлттық банк басшысы екінші деңгейлі банктердің бірігуіне қатысты ойын білдірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев екінші деңгейлі банктердің бірігуіне қатысты өз ойын білдірді.

Ұлттық банк басшысы екінші деңгейлі банктердің бірігуіне қатысты ойын білдірді

Данияр Ақышев аталған процесте бас қаржылық реттеушінің атқарар рөлін айтты.

«Банктердің бірігуі туралы шешімді акционерлердің өзі қабылдайды. Ұлттық банк салымшылардың мүддесін ескере отырып, ұсыныстарды қарайды. Алдымен, олардың пікірін, менеджменттің ойын тыңдаймыз.  «Цеснабанк» АҚ мен «Банк Центр кредит» АҚ, «RBK» АҚ мен «Qazaq bank» АҚ арасындағы мәмілелерге қатысты осындай мәселе. Ал «Халық банкінің» «Қазкоммерцбанкті» сатып алуына келсек, қазір өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Халық банкі Қазкомның активтерінің сапасын тексеріп жатыр», - деді Д.Ақышев.

Бас банкир «Дельта банк» АҚ лицензиясын тоқтатуға байланысты да пікірін білдірді.

«Дельта банк менеджменті проблемаларын шешуге уақыт сұрады. Біздің бақылауымызша банк активтері күйзелісте тұр. Сондықтан, 15 маусымға дейін жаңа салымдарды қабылдауға тыйым салдық. Мониторинг жүргізіліп жатыр», - деді Д.Ақышев.