Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бұрынғы 11% деңгейінде қалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда базалық мөлшерлеме пайыздық мөлшерлеме ауытқуының +/-1% дәлізімен 11% деңгейінде сақталды. Бұл туралы бүгін Алматыда телевизиялық арна тілшілеріне арналған брифинг кезінде Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бұрынғы 11% деңгейінде қалдырды

Өтімділік беру операциялары бойынша мөлшерлемелер 12%-ды, ал өтімділікті алу операциялары бойынша 10%-ды құрады.
«Инфляция болжамды және мақсатты аралықта сақталуда. Жыл басынан бері байқалған іскерлік белсенділік, ішкі қаржылық нарықтағы жағдайдың тұрақталуы келесіде базалық мөлшерлеменің одан да төмен деңгейге түсірілуі болуы ықтимал», - деді Ақышев.

Оның сөзінше, наурыз қорытындысы бойынша, жылдық инфляцияның көлемі 7,7 процентке дейін төмендеген.

«Халықтың инфляциялық үрейі саябырсыды. Инфляцияның жылдық болжамдардың сапалық бағалауы наурыз айында 6,1 процентті құрады. Осылайша, халықтың инфляциялық болжамы инфляцияның нақты деңгейінен төмен болып отырғанын көреміз», - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, 2016 жылы ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені бірнеше рет төмендеткен болатын. 2016 жылғы наурызда базалық мөлшерлеменің 17% деңгейінде сақталатыны хабарланды, ал мамырда Қазақстан Ұлттық Банкі оны 15%-ке дейін төмендетті. Шілдеде базалық мөлшерлеме 13%-ке дейін, ал 2016 жылғы қазанда 12,5%-ке дейін төмендетілді. 2016 жылғы базалық мөлшерлеме бойынша Қазақстан Ұлттық Банкі оның 12%-ке дейін төмендетілгенін 14 қарашада хабарлаған болатын. Ал 2017 жылдың 20 ақпанында базалық мөлшерлеме көрсеткіші 12 проценттен 11 процентке дейін төмендетілген болатын.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2017 жылғы 5 маусымда Астана уақыты бойынша сағат 17-00-де хабарланады.