Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті - Қ.Келімбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңес барысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов айтты.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтынан хабарланды.

Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов өткен жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады.

- 2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті, соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырумен бірге алғанда, бұл 2015 жылға арналған экономикалық саясатты сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті, - деді Қ.Келімбетов.

Ұлттық экономика министрі Е.Досаев негізгі үш сценарийді әзірлеу барысында мұнай баррелі құнының түрліше нұсқасы қарастырылғанын айтты.

- Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық құралдар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы биыл Үкіметтің контрциклдық экономикалық саясатын іске асырудың негізгі «өзегі» болады. Сонымен қатар, практикалық сипаттағы шаралар жиынтығы, соның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың 2015 жылға арналған жоспары, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары әзірленді, - деді Е.Досаев.

Өз кезегінде қаржы министрі Б.Сұлтанов бюджет саласындағы былтырғы жылдың алдын ала қорытындылары, фискальдық органдар алдында тұрған 2015 жылға арналған міндеттер туралы баяндады.

- 2014 жылдың нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджеттің өлшемдері орындалды. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бөлінетін қаражат және Ұлттық қордан алынған 1 триллион теңге көзделген мақсатқа жетеді. Бұл орайда бақылаушы және салық органдарының жұмысы қамтамасыз етіледі, - деді Б.Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар
telegram