Ұлттық банк болашақта жеңілдетілген қаржыландыру жобаларына қатыспайтын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Келешекте Ұлттық банк жеңілдетілген қаржыландыру жобаларына қатыспайтын болады. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов таратылған Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банк болашақта жеңілдетілген қаржыландыру жобаларына қатыспайтын болады

«Болашақта Ұлттық банктің жеңілдетілген қаржыландыру жобаларына қатысуы жоспарланбайды. Ұлттық банк нарықтық жағдайларда қаржы секторы субъектілерінің экономиканы кредиттеуі үшін қажетті жағдайлар мен ынталандырулар жасау жөніндегі жұмысты жалғастырады», - деп жазылған жауапта.

Бұдан былай Кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жол картасы әзірленіп, қазір қолданыста жүрген бағдарламалар біртіндеп тоқтатылмақ.

«Сонымен қатар Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы Келісімде бес жылдық кезеңге Жол картасын әзірлеу арқылы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдауды кезең-кезеңімен тоқтату көзделгенін атап өткен жөн», - деп жазады Ұлттық банк басшысы.