Ұлттық банк цифрлық теңгенің артықшылықтарын түсіндірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Цифрлық теңге сыбайлас жемқорлықты азайтуға көмектеседі. Бұл туралы Ұлттық банктің төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы Бинұр Жәленов мәлім етті, деп хабапрлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банк цифрлық теңгенің артықшылықтарын түсіндірді

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жоба жыл соңында қабылданады.

«Жыл соңына дейін цифрлық теңгені қолданысқа енгізу қажеттілігі туралы шешім шығаруымыз керек. Ол шешімді шығару үшін экономикалық және технологиялық аспектілер кешенді зерттелуі тиіс. Біз қазір технологиялық пилоттық жоба деңгейіндеміз. Ол биыл қазан айында өтеді. Соның қорытындысы бойынша, шамамен желтоқсанда шығарылған шешімді жұртшылыққа жария етеміз. Цифрлық теңге бүкіл республикада қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінің қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал ете алады. Ең басты артықшылығы - онымен интернетсіз, офлайн режимде төлем жүргізуге болады», - деді ол.

Бинұр Жәленов цифрлық теңге енгізілсе, қолма-қол және қолма-қол емес ақшамен қатар Қазақстанның ұлттық валютасының үшінші түрі болатынын айтты.

«Біздің ойымызша, цифрлық теңге бүкіл ел бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігін айтарлықтай арттыра алады, бұл бірінші кезекте оларды интернетке қосылмай-ақ офлайн режимде төлеуге болатындығына байланысты. Оның сондай-ақ нарықтағы инновацияларды дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Цифрлық теңге азаматтардың барлық транзакцияларын қадағалау үшін жасалмағанын атап өткім келеді, біз тек белгілі бір кезеңге дейін ашықтық пен сұранысты қамтамасыз ететін архитектуралық шешімдерді арнайы ұсынып отырмыз. Цифрлық теңге сыбайлас жемқорлықты азайтуға көмектеседі», - деп қосты спикер.

Бинұр Жәленовтың сөзінше, цифрлық теңге екінші деңгейлі банктер мен төлем ұйымдарының мобильді қосымшаларында қолжетімді болмақ.