Ұлттық банк электрондық әмиянды пайдаланудың жаңа ережелерін түсіндірді
Электрондық әмияндар – ыңғайлы төлем құралы. Олардың көмегімен тауарлардың ақшасын төлеп, коммуналдық қызметтер, салықтар және басқа да күнделікті транзакцияларды жүргізуге болады.
«Бұл сервистердің танымалдылығы күннен күнге өсуде. Электрондық әмияндар бойынша қызметті банктер және де Ұлттық банкте тіркеуден өткен төлем ұйымдары көрсетеді. Осы қызмет бойынша олардың айналымы 580 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың 17 шілдесінде электрондық әмияндар қолдану саласын жетілдіру үшін біз әзірлеген жаңа заңнамалық түзетулер күшіне енді»,– дейді Ұлттық банктің төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.
Негізгі мақсат – ақшаны жылыстату және басқа да заңсыз операциялар үшін электрондық әмияндарды пайдалану мүмкіндігін болдырмау. Ол үшін анонимді пайдаланушылар арасында аударымдарға тыйым салынып, олар үшін ақша шығаруға шектеу енгізілді.
«Бұл жалпы әлемдік тәжірибе мен үрдіс. Көптеген елдер осындай ережелер енгізуде, Қазақстан да осы қатарда. Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтерді бұрынғыдай сәйкестендіру рәсімін өтпестен, соның ішінде терминалдар арқылы төлеу мумкіндігі сақталып калды. Жалғыз нәрсе – төлемді тек сәйкестендірілген пайдаланушылар ғана ала алады және сомасы 50 АЕК-тен аспауы керек»,– деп түсіндірді банк өкілі.
Сәйкестендіру толық және жеңілдетілген болып екіге бөлінеді. Клиент толық сәйкестендіруді өткен жағдайда оның электрондық әмиянмен жүргізілетін операцияларына қандай да бір шектеулер қойылмайды. Жеңілдетілген сәйкестендіруді қашықтан қызмет көрсету сервистары арқылы өтуге болады.
«Біріншіден, әмиян иесі басқа қолданушылардан ақша аударымдарын қабылдай алады. Екіншіден, операциялар лимиті 2 есе 100 АЕК-ке дейін көтеріледі. Үшіншіден, ақшаларды электрондық әмиян арқылы өз шотына не төлем карточкасына шығаруға болады»,– дейді департамент директоры.
Осы жаңашылдықтың арқасында, кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау бойынша транзакциялық шығындарын азайтады.
«Бұрын кәсіпкерлер әмиянды қолданғанда алдымен төлемдерді қабылдап, сосын ақшаны банктік шотқа шығару керек болатын. Бұл қосымша уақыт алып, қосымша шығынға ұшырататын. Осы шектеу алынып тасталды, енді кәсіпкерлер электрондық әмианды есеп айырылысу үшін пайдаланып, басқа кәсіпкелермен тікелей жұмыс істей алады»,– деп толықтырды спикер.