Ұлттық банк: Халық арасында теңгенің әлсіреуін күтетіндер үлесі екі есеге азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық арасында теңгенің әлсіреуін күтетіндер үлесі екі есеге азайды. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін талқылау барысында баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов осылай мәлім етті.

Ұлттық банк: Халық арасында теңгенің әлсіреуін күтетіндер үлесі екі есеге азайды

«Ішкі валюта нарығындағы жағдай біршама тұрақты. Айырбастау бағамының күн сайынғы ауытқулары әдеттегі шамада орын алуда. Бұлар нарықта қатысушылардың күтілуімен айқындалады. Бұл мұнай бағасының және еліміздің негізгі ірі сауда әріптестерінің валюта бағамдары серпініне негізделеді. Жалпы теңге бағамының нығаюы ағымдағы жылдың бес айында 1,2 пайызды құрады», - деді А. Ахметов.
Оның айтуынша, теңге бағамының күрт ауытқушылығына жол бермеу, алтын-валюта резервін толықтыру мақсатында Ұлттық банк шетел валютасын сатып алуды жалғастыруда. «Жыл басынан бергі мамыр айына дейін нетто-сатып алу көлемі 3,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте операциялар айырбастау бағамының серпінді үрдістеріне әсер етпейді. Себебі олардың сипаты мен көлемі нарықтағы жалпы жағдайға әсер етпейді. Жалпы алғанда біздегі валюта бағамы іргелі факторға, әлемдік мұнай нарығына, көрші елдердегі жағдайларға, әлемдік валюта нарығына тәуелді», деді А. Ахметов.
ҰБ өкілінің айтуына қарағанда, Қазақстандағы халық тарапынан қолма-қол ақшаны айырбастау пункттері арқылы белсенді сату үрдісі жалғасуда. Мәселен, ақпан-сәуірде халық 363 млн АҚШ долларын сатқан. Бұл теңгедегі құралдар бойынша барынша тартымды. «Ал мамыр айында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, халық арасында теңге бағамының әлсіреуін күткендер үлесі екі есеге азайды», деді А. Ахметов.