Ұлттық банк инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуді жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы үш жылға бюджетті жоспарлауда экономикамыздың едәуір беріктік қоры бар.

Ұлттық банк инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуді жоспарлауда

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер мұнай бағысы барреліне 40-60 АҚШ доллар аралығында болса, экономиканың жағдайы жақсарады. Алдағы үш жылға бюджетті жоспарлаудағы Үкіметтің болжамдары бойынша экономикамыздың едәуір беріктік қоры бар. Осы жылдың қаңтарында инфляция 6-8 пайыздық дәлізге оралды. Жылдық инфляция 7,9 пайызды құрады. Біздің болжам бойынша сын-қатер болмаса, инфляция деңгейі Үкімет пен Ұлттық банк белгілеген дәлізде қалыптасады. Жолдауға сәйкес, Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу ұстанымдарын жүзеге асыруды жалғастырады. Орта мерзімді кезеңде инфляцияны біртіндеп 3-4 пайызға дейін төмендету біз үшін басым міндет»,-деді Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте ҰБ ұзақ мерзімді экономикалық өсімге әсер етеді. Ол үшін инфляция және макроэкономикалық тұрақтылық бойынша мақсаттар арасында оңтайлы теңгерім болуы керек.

«Ұлттық банктің негізгі жұмысы ақша нарығында пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға бағытталған. 2016 жылы базалық мөлшерлеме 17-ден 12 пайызға дейін төмендетілді. 2017 базалық мөлшерлеме одан ары төмендеуі мүмкін»,-деді ҰБ басшысы.