Ұлттық банк: Инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстандағы инфляция үш ай қатарынан баяулап, мамыр айында жылдық мәнде 15,9 пайызға дейін төмендеді. Инфляцияның айлық деңгейі 0,6 пайызды құрады. Жылдық мәндегі азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғары 26,2-ден 16,5 пайызға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы – 17,2, ақылы қызметтер инфляциясы 13,5 пайызға дейін бәсеңдеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша бензин мен дизель отынының шекті бағалары көтерілгендіктен жанар-жағармай бағасы өскенін атап өткен жөн. Ұлттық банк инфляцияның баяулау үрдісі одан әрі жалғасады деп күтеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, сыртқы экономикалық конъюнктураның жақсаруы инфляцияны тежеуге ықпал етеді. Ол азық-түлік бағасының одан әрі төмендеуінен және сауда-серіктес елдердегі төмен инфляциядан көрінеді. Базалық сценарийде белгіленген мөлшерге қарағанда бюджет шығыстарының айтарлықтай жоғарылауы, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағасының өсудегі жанама әсері, логистикалық және өндірістік жеткізу жолдарын қайта құру ісінің баға белгілеуге әсер етуі және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде бекітілу ықтималы инфляция болжамының тәуекелдеріне жатады.
«Биыл 26 мамырда Ұлттық банк тәуекелдер балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл елдегі инфляцияны одан әрі баяулатуға ықпал етеді», - деді Ғалымжан Пірматов.