Ұлттық банк: Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша 2,4 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктердің 2015 жылғы 15 тамыздағы деректері бойынша, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыз алушылардан 5 434 өтініш қабылданды.

Ұлттық банк: Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша 2,4 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылды

2 421 өтініш бойынша қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданды, жалпы сомасы 1 552 818 000 теңге болатын 411 өтініш бойынша қарыз қайта қаржыландырылды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Бағдарламаны іске асыру барысын Ұлттық Банк және «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ тұрақты бақылайды және мониторингілейді. Алдын ала жүргізілген бағалаулар бойынша 25000-нан астам қарызды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 5000-нан астам қарыз алушының қарыздарын қайта қаржыландыруға болады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық Банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешуге 130 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. 2015 жылғы 24 сәуірде Ұлттық Банк Басқармасының қаулысымен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілді.

Бөлінген қаражатты екiншi деңгейдегi банктерге жеткізу мақсатында «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ кейіннен 9 екiншi деңгейдегi банктегі депозиттерге 20 жылға жылдық 2,99% сыйақы мөлшерлемесімен орналастырумен қосымша капиталдандыруды жүзеге асырды.

Бағдарламаға қатысушы екiншi деңгейдегi банктердің тізіміне «Казкоммерцбанк» АҚ («БТА Банк» АҚ мен «БТА Ипотека» АҚ), «Қазақстан Халық Банкі», «Fortebank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ мен «Нұрбанк» АҚ кірді.

Бағдарлама мүмкіндігінше көптеген қарыз алушылардың ипотекалық қарыздарды өтеу талаптарын жеңілдетуге бағытталған, бұл ретте бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, Ұлттық Банктің бастамасымен ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес облыстық әкімдіктерде және Астана және Алматы қалаларында құрамына құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қоса отырып, қарыз алушылардың қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуларға қатысты шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар ашылады.

Бұған қоса, жеке тұлғалар-қарыз алушыларға мерзімі өткен берешекті есептен шығарған кезде банктерді жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босату мәселесі пысықталып жатыр.

Қоғамдық бірлестіктердің, банктердің, қарыз алушылардың және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын талдау нәтижелері бойынша қазіргі кезде бағдарламаға:

- Тоқтатылмаған не қарыз бөлігі өтелмей қалған қарыз бойынша банк (ипотекалық ұйым) балансына жалғыз тұрғын үйі алынған ипотекалық қарыз алушыларды;

- Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік ауданына қойылатын талап бойынша жылжымайтын мүліктің 120 ш.м. жалпы ауданынан 120 ш.м. тұрғын ауданына өзгертуді;

- қарыз бойынша қарыз беруші болып үшінші тұлға болған жағдайда қарызды қайта қаржыландыруды енгізу мүмкіндігі бөлігінде бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.