Ұлттық банк: Карточкалар бойынша төлем қолма-қол есептесу көрсеткішінен асты
Осы операциялардың көлемі 2018 жылғы деректерден 52%-ға асып, 30,4 тлрн теңгені құрады.
«Карточкалық операциялардың негізгі үлесі – қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдары. 2019 жылдың қорытындысы бойынша төлем карточкаларымен жүргізілген төрт операцияның әрбір үшеуі қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізілді. Бұл ретте, 2019 жылғы қыркүйекте қолма-қол ақшасыз операциялардың ай сайынғы көлемі ақшаны алу бойынша операциялар көрсеткішінен алғаш рет асты», - деді Ұлттық Банктің Төлем жүйелері департаментінің басшысы Ерлан Ашықбеков.
2019 жылы қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған қолма-қол ақшасыз жасалатын төлемдер мен ақша аударымдарының жалпы саны және көлемі 2 еседен аса өсіп,14,1 трлн теңге сомасына 1,2 млрд транзакцияны құрады.
Банк қызметтерін цифрландыру деңгейінің өсуімен халықтың онлайн төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге қызығушылығының өсуі байқалады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша банктердің интернет/мобильдік сервистерінде 19,7 млн пайдаланушы тіркелді, оның ішінде пайдаланушылардың орташа алғанда 36%-ы банктердің онлайн сервистерін тұрақты пайдаланған.
Тиісінше, қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі онлайн тәсілмен: 9 988,2 млрд теңге сомасына 629,2 млн онлайн операция жүргізілді. Бұл қолма-қол ақшасыз төлемдер мен аударымдардың жалпы санының 52,6%-ын, көлемінің 71,1%-ын иеленеді.
Осылайша, әрбір екінші қолма-қол ақшасыз транзакция банктердің интернет/мобильдік сервистері арқылы жүргізілді. Мұндай операцияның орташа сомасы 15 874 теңгені құрады.