Ұлттық банк қайта қаржыландыру мөлшерлемесін базалық мөлшерлемеге теңестірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 ақпанда ҚР Ұлттық банк басқармасының ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін және базалық мөлшерлемені конвергенциялау (яғни теңестіру) тетігі туралы қаулысы қабылданды. Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметі хабарлады.
«Мөлшерлемелерді конвергенциялау бойынша шешім 2016 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының 2017 жылға арналған негізгі бағыттары шеңберінде жарияланды.
2017 жылғы 1 сәуірден бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің мәні базалық мөлшерлеменің мәніне теңестіріледі. Бұдан әрі базалық мөлшерлемені өзгерту ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін автоматты түрде және синхронды өзгертуге әкеліп соғады», - делінген ақпар хатта.
Мөлшерлемелерді конвергенциялау туралы шешім экономиканың түрлі сегменттерінде ақшаның құнын теңестіру мақсатында қабылданды. Қазіргі уақытта ақша нарығындағы ақша құны базалық мөлшерлемемен (қазіргі сәтте - 11%) айқындалады. Бұл ретте ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің зиянды өтеу, жіберіп алған пайданы есептеу үшін өсімпұл, айыппұл есептеген кездегі азаматтық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық қатынастарда пайдаланылатын, 5,5% мөлшеріндегі ағымдағы деңгейі ақшаның нақты құнын көрсетпейді.
Бұл ретте, нарықтағы аталған теңгерімсіздікті жою үшін неғұрлым оңтайлы тәсіл таңдалғанын атап өту қажет - мөлшерлемелер арасындағы айырма ең аз болып отыр.