Ұлттық банк Қазақстанда инфляцияны төмендету қадамдарын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда инфляцияны төмендету қадамдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық банк, бірінші кезекте, инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені аясында монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайды. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге негізгі үлес қосты. Оны осы жылдың соңына қарай 8%-ке дейін төмендету үшін Шаралар кешеніне сәйкес, Үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша қадамдарын негізге ала отырып, жекелеген нарықтардағы маусымдық күтпеген өзгерістер мен теңгерімсіздіктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдайтын болады», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, инфляцияны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне жатады. Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша біз азық-түлікке жатпайтын инфляцияның 2022 жылы 5%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ке дейін төмендеуін күтеміз», - деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, реттелетін қызметтер үшін орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болып саналады.

«2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ұсынылатын шаралардың тиімділігі көбінесе өңірлердегі жұмыстың жұмыла ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне байланысты болады», - деді Е. Досаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы қаралып, мақұлданды.



Соңғы жаңалықтар