Ұлттық банк қазан айында инфляция не себепті өсетінін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айында инфляцияның өсуі қаупі бар. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағсы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық банк қазан айында инфляция не себепті өсетінін түсіндірді

 «Ұлттық банктің негізгі басымдығы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияны белгіленген нысаналы аралық шегінде ұстап тұру болып қалуда. Инфляция 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте 4,2 пайыз болды, ал жылдық мәнде 7,1 пайызды құрады. Алайда Ұлттық банк қазан айында инфляцияның өсуі қаупін көріп отыр, яғни бұл жанармай, көмір, көкөніс бағаларының өсуіне байланысты. Осы тауарлар нарығында сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі бар»,-деді Данияр Ақышев.

Оның пайымынша, жылдың соңына дейін инфляция нысаналы 6-8 пайыз дәліз ішінде сақталады.

Сонымен қатар Д. Ақышев Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын және теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін жүргізуін жалғастыратынын атап өтті.