Ұлттық банк коллекторлар үшін борышкерлермен жұмыс уақытын белгілейтін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі заң арқылы коллекторлық агенттіктер үшін борышкерлермен жұмыс уақытын нақты белгілеуді ұсынады.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
Заң жобасы бойынша коллекторлық қызметке қатысты бірқатар шектеулер мен тыйымдар енгізілмек. Атап айтқанда, банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар үшін коллекторлық агенттікке борышкердің тұрғын үй түрінде кепілмен қамтамасыз етілген берешектерін беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына коллекторлық агенттіктер құрауына және оларға капиталдық қатысуға да тыйым белгіленіп отыр.
«Борышкерлермен жұмыс уақыты да заң жүзінде белгіленетін болады. Мәселен, коллекторлар жұмыс күндері сағат 21:00-ден 8:00-ге дейінгі аралықта және демалыс, мереке күндері сағат 19:00-ден 10:00-ге дейінгі кезеңде өзара іс-қимылды жүзеге асыруға тыйым салынады. Сондай-ақ, егер кредиттік шартта көзделмесе, борышкердің келісімінсіз кредиттік шарт құқығын беруге де тыйым салынады», - дейді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау нәтижесінде бірқатар әлеуметтік-экономикалық жағымды салдар орын алатыны күтіледі. Атап айтқанда, борышкерлерге психологиялық қысымның агрессивтік әдістерін қолданатын «көлеңкелі» коллекторлық агенттіктердің қызметі шектеліп, осының арқасында әлеуметтік шиеленіс төмендейді.