Ұлттық банк маусым айында қанша транзакция жүргізілгенін жариялады
«2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан аумағында 19 төлем жүйесі қамтылған. Оның ішінде Ұлттық банктің төлем жүйелері, ақша аударым жүйелері, төлем картасы жүйелері жұмыс істейді. 2022 жылғы маусымда Ұлттық банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 63,3 трлн теңгеге 5,2 млн транзакция жүргізілді. Орташа алғанда, бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 2,9 трлн теңгеге 234,7 мың транзакция жүргізілді», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.
2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 19 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстанда төлем карталарын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карталарының жалпы саны 60,2 млн болды. Оның ішінде 2022 жылғы маусымда төлем карталарының 50,2 пайызы (30,2 млн төлем картасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.
«Қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын пайдалана отырып, 2022 жылғы маусымда 10,8 трлн теңгеге 768,7 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы мамырмен салыстырғанда транзакциялар саны 4%, сомасы – 11,0% ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карталары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 97 % (745,6 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 81,9 пайызға (8,8 трлн теңге) жетті», - деп аталып өткен ҰБ ақпаратында.
2022 жылғы маусымда халықаралық ақша аударымы жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 118,4 млрд теңгеге 0,28 млн аударым болды. 2022 жылғы мамырмен салыстырғанда, ақша аударым көлемі 7,5% ұлғайды. Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілген аударымдардың жалпы көлемі ішінен транзакциялар санының 93,6% (0,26 млн транзакция) және жалпы сомасының 88,2% (104,4 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударым жүйелері арқылы жалпы санының 6,4% (0,02 млн транзакция) және жалпы сомасының 11,8% (14 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 91,9 млрд теңгеге 0,18 млн транзакция алынды.