Ұлттық банк өткен айда 940 млн. доллар сатып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк өткен айда 940 млн. доллар сатып алды. Бұл туралы КТК телеарнасына сұхбат берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.
None
None

«Халық пен кәсіпорындар теңге бағамының өзгергеніне емес, оның өз теңгерім нүктесін іздей бастауына, яғни екі тарапқа кезек-кезек ауытқуына наразы болды. Ол алғашқы күндері айтарлықтай нығайса, одан кейін қайта құлдырады. Проблема Ұлттық банктің қайта интервенцияға кірісуінен пайда болды. Сол сәтте қалыптасқан бағам, меніңше, өз теңгерім нүктесін таба алған жоқ. Яғни, мұнай бағасы қайта құлдырай бастап, ресейлік рубль құнсыздана бастады. Ал Ресей - біздер үшін ең бірінші кезекте импорт бойынша негізгі сауда серіктесіміз. Біздің оларға тәуелділігіміз бар, бірыңғай экономикалық одақтамыз. Соған сәйкес біз олардың ақша-несие саясаттарының өзгеруіне қарай әрекет етуге мәжбүр болдық. Сондықтан 5 қарашада Ұлттық банк тағы да валюта нарығына қатысуын азайтатындығы туралы мәлімдеме жасады. Ол кезде бағам бір долларға 282 теңге болатын. Біз бұл жайында жария еткеннен кейін және 5 қарашадан соң бағам бір долларға 312-313 теңгеге дейін әлсіреді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, қараша айында Ұлттық банк валюта сатып алды. Өйткені, бастапқы төмендеуден кейін теңге бағамы қайта нығая бастаған еді. Банк бұл қадамға бюджет зардап шекпеуі үшін барып отыр. Себебі, ол экспорттаушылардың есебінен толығады, ал экспорт үшін теңге бағамының төмен болуы тиімді. Бұған қоса, қазақстандық тауарлар барынша қымбаттап кетпеуі үшін, яғни отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін осындай қадамға баруға тура келді. 1-30 қараша аралығында Ұлттық банк 940 млн. доллар сатып алды.

Толықтай алғанда, Д.Ақышевтың сөзіне қарағанда, қазіргі уақыттағы Ұлттық банктің саясаты теңге бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу болып тұр. Айта кетерлігі, теңге бағамын тұрақты түрде бір деңгейде ұстап тұру да Ұлттық банктің мақсаты емес.

Соңғы жаңалықтар