Ұлттық банк Qazaq Banki мен Эксимбанк салымшыларына үндеу жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі салымшы жеке тұлғаларға теңге мен шетел валютасындағы депозиттерді, төлем карталары мен банк есепшоттарындағы қаражатты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) қорғайтынын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қаржылық реттеуші банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық банк Qazaq Banki мен Эксимбанк салымшыларына үндеу жолдады

 Ұлттық банктің мәлімдеуінше, егер сот «Qazaq Banki» мен «Эксимбанк» банктерін мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаса, ҚДКҚ салымшыларға кепілдендірілген өтемақы төлейді. Кепілдік өтемақының шекті мөлшері: теңгедегі депозиттер үшін - 10 млн теңгеге дейін; шетел валютасындағы депозиттер бойынша - 5 млн теңгеге дейін белгіленген.

Банктің клиенттері болып саналатын жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылар, нотариустар және заңгерлер депозиттерге кепілдік беру қорынан өтемақы алуға құқылы.

Қаржылық реттеуші Ұлттық банктің пікірінше, банктік шоттағы қаражаттың қалдығы өтемақы арқылы беріледі.  Ал банк бөлген сыйақыға кепілдік берілмейді. Егер банк салымы шартында сыйақыны капиталдандыру қарастырылған болса, капиталға айналған сыйақы депозиттің негізгі сомасына қосылады және кепілдік нысанына айналады.

«Qazaq Banki» қорында жеке тұлғалардың 23 млрд теңге көлемінде депозиттері бар. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтемақы ретінде 19,6 млрд теңге төлейді. Банк клиенттерінің шамамен 2%-інде кепілдік берілген сомадан асатын депозиттері бар және ҚДКҚ жоғарыда көрсетілген шекті сома бойынша өтемақы төлейді, ал одан асып кеткен соманы тарату комиссиясы арқылы алуға болады.

«Эксимбанк Қазақстан» АҚ-да жеке тұлғалардың 254 миллион теңге болатын депозиттері бар. Оның ішінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өтемақы төлеу бойынша міндеттемелері 249 миллион теңгені құрайды. Банк клиенттерінің шамамен 1%-інде кепілдік берілген сомадан артық депозиттері бар және ҚДКҚ жоғарыда көрсетілген шекті сома бойынша өтемақы төлейді, одан асып кеткен соманы тарату комиссиясынан алуға болады.