Ұлттық банк ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін тағы төмендетуі мүмкін
АЛМАТЫ. 7 маусым. ҚазАқпарат - Жылдық инфляция деңгейі алдағы айларда да тұрақты болатын болса, ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі төмендетілуі мүмкін.
Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко бүгін ақпарат агенттіктерінің журналистерімен болған кездесу барысында айтты.
«Қазір 12 айлық инфляция деңгейі 5 пайызды құрайды. Егер бұл көрсеткіш бірнеше ай бойы сақталатын болса Ұлттық банк жылдық ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 5,5 пайызға дейін төмендетеді», - дейді Г.Марченко.
ҚР Ұлттық банкінің Басқармасы бұған дейін 4 маусымнан бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 6 пайыз деңгейінде белгілеуге қаулы қабылдаған болатын.
Бас банкирдің айтуынша, ол жаздың алғашқы айында 6,5-тен 6 пайызға дейін азайтылды. Жалпы соңғы 3 жылда инфляцияның төмендеуіне байланысты несие бойынша да, депозит бойынша да мөлшерлеменің кему үрдісі жүріп жатыр.