Ұлттық банк шетел валютасымен операцияларды шектемейді - Әлия Молдабекова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі Басқарма төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Bloomberg басылымындағы Ұлттық банктің валюта нарығындағы іс-әрекетіне қатысты мақаласы бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада Ұлттық банктің валюта нарығындағы іс-әрекеттеріне қатысты Bloomberg басылымының мақаласы белгілі бір резонанс тудырған болатын.

Атап айтқанда, Ұлттық банктің шетел валютасымен жасалатын кейбір мәмілелерді шектегені және кейінге қалдырғаны, осылайша, теңге бағамының әлсіреуін ұстап отырғаны айтылды.

«Біріншіден, Ұлттық банк ұлттық валютаның еркін айналыста болуын ұстанғанын және солай болып қала беретінін атап өткім келеді. Биылғы теңге бағамының өзгеруі олардың біздің экономикамызға теріс әсерін реттеуге және шектеуге мүмкіндік берді. Екіншіден, сыртқы күтпеген өзгерістерді іске асыру және іргелі факторлардың күтпеген жерден нашарлауы жағдайында Ұлттық банк пен Үкімет валюта нарығындағы қысымды төмендету және оның тепе-теңдігін арттыру үшін жауап шараларын қабылдады. Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор компаниялары өздерінің валюталық операцияларын Ұлттық банкпен келісуге тиіс. Сондықтан біз күнделікті негізде квазимемлекеттік құрылымдардың валюталық операцияларын үйлестіреміз. Валюта нарығына артық қысымды шектеу мақсатында квазимемлекеттік сектор компаниялары – екінші деңгейдегі банктердің клиенттері валюталарды сатып алуды бірдей бөлу арқылы айырбастау бағамына әсерін барынша азайту үшін күш салады. Үшіншіден, Ұлттық банк шетел валютасымен операцияларды кешіктірмейді, оның үстіне шектемейді», - деді Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, Bloomberg мақаласында айтылған мәселе басқа қаражатқа байланысты айтылып отыр.

«Келтірілген ақпараттың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама нормалары шеңберінде қабылданған шараларға қатысы бар сияқты. Биыл 22 наурызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржы министрлігімен келісу бойынша екінші деңгейдегі банктер үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қатысты нормативтік құқықтық актілерге бірқатар түзетулер қабылдағанын еске сала кетейін. Осы мақсатта екінші деңгейдегі банктер қолма-қол ақшасыз шетел валютасымен конверсиялық операцияларға алдын ала тексерулер жүргізеді. Сонымен қатар Ұлттық банк заңнамада белгіленген мерзімде сатып алынған шетел валютасының нысаналы пайдаланылуын бақылау бөлігінде валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Қабылданған өзгерістер ақшаны заңсыз әкетуге бағытталған операцияларды болдырмаудың алдын алу шараларын қабылдауға және қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен, кейбір жағдайларда бұл клиенттердің айырбастау жүргізу жылдамдығына әсер етуі мүмкін», - деді Әлия Молдабекова.

Бұл шаралар заңсыз операциялармен күресуге бағытталған және валюта нарығындағы операциялардың айқындылығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес жүргізіледі.

ҚР валюталық реттеу саласындағы заңнамасы ырықтандырылған қағидаттарды ұстанады және капитал ағындарын ешқандай жолмен шектемейді. Заңды және жеке тұлғалар ҚР заңнамасына сәйкес сатып алуға, сатуға және кез келген басқа да валюталық операцияларды жүргізуге құқылы.

Фото:factum.kz
Соңғы жаңалықтар