Ұлттық банк шетел валютасын сату бойынша интервенция жүргізіп жатыр ма
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы сәуірден бастап Ұлттық банк шетел валютасын сату бойынша интервенция жүргізбеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қабылданған шаралар валюта нарығындағы теңгерімге мүмкіндік берді. Биылғы сәуірден бастап Ұлттық банк шетел валютасын сату бойынша интервенция жүргізбеді. Ал тамызда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сатпады. Трансферттер Ұлттық қорға теңгедегі түсімдер есебінен қамтамасыз етілді», - деді Ғ. Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме жөніндегі бұдан былайғы шешімдер инфляцияның болжамды траекториясына, сондай-ақ сыртқы және ішкі ортадағы тәуекелдер теңгеріміне орай қабылданатын болады.
Сонымен қатар ол базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2022 жылғы 24 қазанда жарияланатынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк базалық ставканы 14,5% деңгейінде сақтап қалады.
Фото: prodengi.kz